©
Былтыр Маңғыстау магистральді желі бөлімінің балансына алынған Маңғыстау темір жол вокзалында біраз өзгерістер болды. Бұрын-соңды кездеспеген жаңалық болып, вокзалдан өткен жолаушылар саны миллионнан асты.
- 2016 жылы 800 мың жолаушы келіп-кетсе, 2017 жылы 1 миллион 2 мың 444-ке жетті. Орташа есеппен күніне 2,5 мыңнан астам адамды құрады. Аталған көрсеткіш "Экспо" көрмесі кезінде қатынаған жолаушылар санының артуынан, қосымша пойыздардың іске қосылуынан да жоғарылап отыр. Соның есебінен есепті мерзімде вокзалдағы ана мен бала бөлмесі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны пайдаланушылар қатары да көбейді. Былтыр бұл қызметке 25 ана мен 40-қа жуық кемтар жан жүгінді. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға вокзал қызметкерлері қажетті көмекті көрсетті, - дейді вокзал бастығы Айгүл Әмірова. Оның айтуынша, осыған дейін вокзал қауіпсіздігін қадағалауға арналған 20 бейнебақылау құрылғысы болған. Бүгінде тағы да 19-ы орнатылуда екен. Сондай-ақ нысанның шатырын түгел ауыстыру жұмыстары да таяу күндері басталмақ. Қажет қаражаты өткен жылы бөлініп, тиісті материалдары алынған. Оған қоса перрондардың 25 шаршыметрдей аумағына, пандустарға жөндеу жүргізілген.
- 2017 жылы бізде біраз өзгерістер болғаны белгілі. Алдымен вокзал Маңғыстау магистарльді желі бөлімінің балансына өтті. Ғиамартқа ішкі-сыртқы әрлеу, жөндеу жұмыстары жасалды. Сынған, бүлінген жерлері қалыпқа келтірілді. Ғимарат жеке кассалар мен өзге де кәсіпкерлік нысандарынан босатылып, күту залының аумағы кеңейтілді. Кіріс және шығыс есіктеріне бақылау құрылғысы орнатылды. Құрылғымен әр кезекте 9 адаммен тәулік бойына жұмыс ұйымдастырылуда. Енді вокзалға күрделі жөндеу жұмыстары және жаңа ғимарат салу мәселесі ойластырылуда, - деген А.Әмірова вокзалдағы кассалардың жұмыс кестесінің, жол жүру құнының қаңтардың бірінен бастап өзгергенін де айтады. Бірінші касса таңғы 11.30-23:30, екінші касса 9:00-21:00, үшіншісі 8:00-20:00 аралығында ашық тұрады екен. Бұрыңғы кетсе бойынша соңғы касса 22:30-ға дейін жұмыс жасаған. Ал билет бағасы болса, 7 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде жол жүру құжатын брондау, топ болып бір вагонға тапсырыс беру, қайтару, т.б. қосымша қызметтердің құны өскен.
Шахида ЖҰМАН