©
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы халықтың әл-ауқатын арттыруға, ұлттық эконмиканы цифрландыруға бағытталған. Елдік құжатты жүзеге асыру аясында 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық хабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша жер қатынастары саласына да өзгерістер мен жаңалықтар енгізілді.
– Бүгінде мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Аталған жүйе Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің басқаруында, оны жүргізу «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жер кадаcтры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментіне жүктелген. Осы жүйеде жер қорына қатысты, яғни оның көлемі, меншік иелері, жер учаскелерінің орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы сияқты өзге де қажеттi мәлiметтер жедел түрде жүргізіліп отырады. Мемлекеттік жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттiк ақпараттық pecуpc болып табылады. Ғаламторда www.aisgzk.kz сайтынан кез-келген тұлға тіркелу арқылы мәліметке қол жеткізеді. Кадастрлық деректерді нақтылау және жаңарту мақсатында әрбір жылдың 1 қарашасында «Жерлердің бар-жоғы және олардың санаттары, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен алқаптары бойынша бөлінуі» туралы жыл сайынғы есептері (жер балансы) аудан, қала, облыс деңгейінде қалыптастырылып, республикаға тапсырылады, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетов.
Оның айтуынша, өткен жылдан бастап аталған есеп электрондық форматқа көшірілген. Күнделікті жер қорында орын алған өзгерістер мен мәліметтер базаға енгізіліп, жыл соңында автоматты түрде есеп қалыптастырылады. Жалпы үрдіс автоматтандырылып, кіші жүйеге деректерді енгізу бағдарламасы іске қосылған. Облыс аумағындағы жер қорының өзгерістерін жедел бақылап отыру үшін жер қорындағы заң бұзушылықтардың, жердің бүлінуінің алдын алу үшін өткен жылы «Ғарыш сапары» АҚ-мен жер ресурстары бойынша геопортал құру және жердің бұзылу фактілерін анықтау жөнінде жұмыстар басталды. Осы жұмыс аясында бүлінген жерлерге түгендеу жүргізіліп, жер учаскелерінің пайдаланылуына жедел түрде бақылау жасалынады. Есемұрат Дәулетиярұлының келтірген мәліметінше, аталған жұмыстардың нәтижесінде жұмыс өнімділігі артып, өлшеу және тексеру қызметтерінің мерзімі қысқарады және жер заңдарының бұзылуының, алдын алу мәселелерінің тиімділігі артады.
– Қазіргі кезде басқармалар мен кәсіпорындарда құжат айналымы, есеп бөлімі, мемлекеттік сатып алу үрдістері толықтай автоматтандырылған. Жер қатынастары мен жер қойнауы саласында көрсетілетін 15 мемлекеттік қызмет түрлерінің кейбірі жартылай автоматтандырылған. Қалғандары қазірше қағаз түрінде жүргізілуде. Автоматтандырылған қызметтер 30 пайызды құрайды, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану
Қазіргі кезде облысымыздағы жерлер, олардың саны, сапалық жағдайы мен пайдаланылуы жөніндегі есепке сәйкес, өңір аумағы 16564,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 5235,1 мың, босалқы жер – 9505,2 мың гектар. Соның ішінде Ақтау қаласының жер көлемі 29,8 мың, Жаңаөзен қаласы 51,6 мың, Мұнайлы ауданы 492,2 мың, Бейнеу ауданы 4052,0 мың, Қарақия ауданы 6483,6 мың, Маңғыстау ауданы 4602,2 мың, Түпқараған ауданы 852,8 мың гектарды құрайды. Негізгі ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы –12653,2 мың гектар.
– Облыста өткен жылы 9 аукцион өткізіліп, көлемі 21,9770 гектар құрайтын 63 жер учаскесі 295 млн. 304 мың 357 теңгеге сатылды. Сондай-ақ 4 конкурс арқылы көлемі 21576,2 гектар құрайтын 58 жер учаскесі берілді. Түпқараған және Бейнеу аудандарында сауда-саттыққа жер учаскелері шығарылмаған. Облыста су қоры жерлерінің санатын қалыптастыру жұмысы басталды. Осыған байланысты су күзет белдеуін белгілеудің жерге орналастыру жобасын жасақтауға және оны су қорына аудару бойынша өткен жылдары жер қатынастары басқармасымен жұмыстар жүргізілді. Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың қаулылары қабылдануда. Жағалау сызығының жалпы ұзындығы 1898 шақырымды, су қорына берілетін жер көлемі 17953 гектарды құрайды. Қазіргі таңда Бейнеу, Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған аудандары мен Ақтау қаласының әкімдіктері тарапынан тиісті қаулылар қабылданып, аудан және қала әкімдіктері су күзет белдеуіндегі жерлерді су қоры жерінің санатына ауыстыруға жұмыстануда , – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетов.
Өткен Басқұдық, Құрық, Қызылтөбе ауылдарындағы жер учаскесінің иелері мен жер пайдаланушыларының, сондай-ақ, басқа да субъектілердің жер қатынастары құқықтарын мемлекеттік тіркеу мақсатында жер учаскелері санының есебі жүргізіліп, базалық төлем ставкасына белгіленген түзету коэффициентін енгізу үшін бағалау аймағы шекарасының сызбасы жасақталды. Бұл жұмыс ауыл аумағының экономикалық тартымдылығы негізінде жер бағасын сұранысына қарай реттеу үшін аймақтарға бөлуді қажет етеді.
Аталған басқарма басшысының хабарлауынша, Мұнайлы ауданына қарасты Манғыстау, Атамекен, Басқұдық ауылдарының, Маңғыстау ауданындағы Шетпе, Шайыр, Жыңғылды, Тұщықұдық, Шебір, Сай-Өтес, Ұштаған ауылдарының, Қарақиядағы Сенек, Бостан ауылдарының, Жаңаөзен қаласындағы Қызылсай ауылының базалық төлем ставкасына белгіленген түзету коэффициентін енгізу үшін бағалау аймағы шекарасының сызбасын анықталған. Бұл жұмыс биыл Ақтау қаласы, Сыңғырлау, Болашақ және Бопай, Сарғаа, Тажен ауылдарында жалғасады.
2012–2014 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерге түгендеу материалдарына сәйкес, түгендеумен 5 млн. 098 мың га жер қамтылған. Түгендеу нәтижесінде ауылшаруашылығына пайдаланылатын алқаптардың 759,2 мың гектары, яғни 19 пайызы пайдаланылмаған жер ретінде анықталған болатын. Қазіргі кезде осы анықталған 759,2 мың гектардың 709,3 мың гектары мемлекетке қайтарылса, оның 407,1 мың гектары қайтадан айналымға тартылған.
– Басқарма жұмысының тағы бір бағыты – жер қойнауын пайдалану мәселелері. Облыста көп қабатты тұрғын үй, жеке тұрғын үй және өндірістік кешендер құрылысының жүруі жергілікті құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырды. Осыған байланысты геологиялық іздестіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыс облыстағы кең таралған пайдалы қазбалар қорының молаюына мүмкіндік беріп отыр. Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында экономиканы дамыту үшін табиғи ресурстарды басқару жолдарын қайта қарау маңызды екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлауға және өндіруге арналған 254 келісімшарт тіркелген. Осы жасалған құжат ішінде 111 келісімшарт әктас–ұлу тас, құм-қиыршықты тас қоспасын, құрылыс және шой тасын, бор және ас тұзы өндіру жұмыстарын жүргізуге арналған, –деді Есемұрат Дәулетиярұлы.
Геология және жер қойнауын пайдалану облыстық инспекциясы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2016 жылғы келісімшарттық міндеттемелердің орындалысына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша келісімшарттық міндеттемелерін екі реттен артық бұзған 154 жер қойнауын пайдаланушыға ескерту берілген. Өткен жылы облыстық жер қатынастары басқармасында кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге арналған 32 келісімшарт тіркелді.
– Біздің басқарма арқылы өткен жылы жер қойнауын пайдалану үшін жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беру жөнінде облысы әкімдігінің 30 қаулысы қабылданды. Оның ішінде кең таралған пайдалы қазбалар, көмірсутегі шикізаты, қорғаныс және қауіпсіздік мұқтажы және басқалары бар. 2017 жылы 3 ауылда түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпкерлік мақсатында көлемі 2475,6 гектар құрайтын 1048 жер учаскесіне тексеру жүрігізілді. Оның ішінде жердің 1908,7 гектары игерілсе, 509,1 гектары игерілмегені, 31,9 гектар жердіңжалға алу мерзімі аяқталғаны, 2,5 гектар жер учаскесін өз бетінше иеленіп алғаны белгілі болды. Бұл мәліметтер облыстық жерлердің қорғалуы мен пайдалануын бақылау басқармасына тиісті шаралар алу үшін жолданды. Біз биыл да бүлінген жерлерді түгендеу жұмыстарын жүргізіп, жерлерді қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз, – деді сөзін түйіндедеі облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ