Ақтаулықтар «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пәтер кілтіне ие болды. Жұма күні өткен салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев, ғимарат құрылысын қаржыландырушы «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тілеубек Ілиясов, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма бастығының орынбасары Құралай Алимова қатысты.
– Өткен екі жыл ішінде холдинг арқылы республика бойынша 19 мыңнан астам отбасы пәтер алды, олардың басым бөлігі – жас отбасылар. Бүгін маңғыстаулықтардың көптен күткен қуанышы орындалып, қоныс тойын тойлап отыр, - деп атап өтті «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Т. Ілиясов. Ол ақтаулықтарды қуанышымен құттықтап, пәтердің символдық кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Аманғалиевке табыстады.
Бұдан соң мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болған бір топ отбасыға пәтер кілті беріліп, шашу шашылды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Аманғалиев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланғанын айтып өтті.
– Бағдарлама аясында тұрғын үй салуға Ұлттық қордан 397,0 млрд теңге бөлінді. Құрылыс қарқыны бойынша Маңғыстау өңірі республикада алғашқы бестікке енді. Былтыр облыста 7 мыңнан астам пәтер тапсырылды, – деді Серік Қалешұлы.
Бұл тұрғын үй кешенін салуға жалпы сомасы 5 878 млн. теңге инвестиция салынған. Оның 5 237 млн. теңгесі (89,09%) - «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі қаржылық операторы «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның инвестициясы. Тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы – 54 634,5 м², оның 34 210,8 м² – пәтерлер. Жаңадан пайдалануға берілген 17 шағынаудандағы «Айрақты» тұрғын үй кешені 5 қабатты он үйден тұратын кешенде 1, 2, 3 бөлмелі 540 пәтер бар.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Айрақты» тұрғын үй кешенінің инженерлік инфрақұрылымына 1 518 472,0 мың теңге қаражат жұмсалған.
– Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауының аясында «Бәйтерек девелопмент» холдингімен бірлесе отырып соңғы үлгідегі тұрғын үлер мен әлеуметтік нысандарды салуды қолға алған едік. Міне, бүгін бес қабатты он үйді тапсырып отырмыз. Бір үйде 60 пәтер бар, бәрі қоныстануға дайын. Балабақша, дүкен, шаштараз ашамын деген шағын бизнес иелері үшін үйдің астыңғы қабатында арнайы орындар жасақталған. Қазіргі таңда екі үйдің төменгі қабатынан 100 бүлдіршінге арналған екі балабақша ашылды. Пәтер иелері үшін жерасты паркинг те қарастырылған, – деді мердігер «Каспий құрылыс ltd» мекемесі бас директорының орынбасары Бауыржан Мырзағалиев.
- Қазіргі таңда «Айрақты» тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін 455 салымшы келісімшарт жасасты. Бүгін солардың алғашқыларына пәтер кілті табысталды. Олардың көпшілігі қажетті соманың 50%-ын жинаған екен. Жетпейтін соманы банк 5% жылдық мөлшерлемемен несие түрінде берді. Несие банк тарифтері бойынша салымшының төлем қабілеттілігіне қарай 6 жылдан 15 жылға дейін рәсімделеді, – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма бастығының орынбасары Құралай Алимова.
Айта кетерлігі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл мыңнан аса пәтер салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің қаржыландыруымен 33 шағынаудандағы 670 пәтерлік «Аққу-3» тұрғын кешенінің құрылысы да таяу уақытта пайдалануға беріледі.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47342,47337,47338,47340,47339,47341"]