©
Жуырда Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша құрылған өңірлік сараптау кеңесінің 10-отырысы өтті. Жиынға өңірлік сараптау кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Гүлсара Жолдасбаева жоғары оқу орнында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен 6 ай көлемінде атқарылған істердің арнасымен және жоспарлармен таныстырды.
– Құрметті жиынға қатысушылар! Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең кезеңмен көшуі бағдарламасы бойынша университетте «Елім менің аңсаған» поэзия кеші, «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбында эсселер байқауы, қазақ әліпбиінің латынға көшу жобасы аясында Мәңгілік ел идеясымен ұштастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция, «Алаш Орда» партиясы мүшелері еңбектерінің латын графикасына көшудегі тарихи рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына ауыстыру туралы» қол қойған Жарлығын қолдауға арналған жиын, «Қазақстан латынға көшеді» басылымдар көрмесі өтті. Сондай-ақ қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптар төңірегінде БАҚ-та ой- пікірлерімізді білдіріп, ғылыми материалдар жариялап, арнайы хабарларға қатыстық. «Туған жер» патриоттық бағдарламасының «Тәрбие және білім» бағыты бойынша «Маңғыстау ақын-жазушылар шығармашылығы», «Маршал Әбдіхалықовтың әдеби мұрасы – рухани қазына», «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы Мәңгілік ел ұлттық идеясы контексінде», «Рухани жаңғыру» аясында жастарды зиялылыққа тәрбиелеудің әдіснамалық аспектілері» және тағы да басқа тақырыптармен ғылыми жұмыстар жазылып жатыр. «Өлкетану» бағдарламасы аясында «Құлшар күйші» этнографиялық фильмі түсірілді. Сонымен қатар магистрлік диссертация және дипломдық жұмысқа да «Рухани жаңғыру» бойынша тақырыптар таңдап алынды. Өткен жылы аталған бағдарлама шеңберінде кітаптар мен монографиялар жарық көрді, – деді Гүлсара Өзбекқызы.
Жиында баяндамашы оқу жоспарына «Тарихи өлкетану», «Маңғыстау өңірі топонимиясының тілдік-тарихи сипаты», «Әбіштану», «Қондыбайтану», «Маңғыстау көркем мәтініндегі рухани құндылықтар» пәндері енгізілетінін хабарлады. Биыл маусым және қазан айларында халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтетіндігін жеткізді. Өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев латын әліпбиіне көшу туралы мәселе өте өзекті екенін айтып, университеті ұжымы бұл бастаманы талқылау кезінде қаншалықты қолдағанын немесе басқа да қандай ой-пікір білдіргенін сұрады. Гүлсара Өзбекқызының айтуынша, аталған тақырыпты талқылауға арналған жиында қатысушылардың басым көпшілігі латын әліпбиіне көшуді қолдаған.
Кеңес отырысында Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша дайындаған «Ұлы дала жастары» жобасын педагогика факультетінің деканы Бибатпа Көшімова таныстырды. «Ұлы дала жобасы» аясында шетел тілдерін оқытып-үйрету, стартап бизнес жобаларды ұйымдастыру және жүзеге асыру, өз ісін ашқан жас мамандардың санын арттыру, студенттік зияткерлік клубтар құру және студенттік мансап бағдарламасын жасақтау жұмыстары жүзеге асатынын жеткізді. Нәтижесінде В1-В2 деңгейіне жету көзделгенін, ғылыми-зерттеумен айналысатын студенттер санының артатынын, дарынды жастарға қолдау көрсетіліп, мансаптық өсуіне жағдай жасалатынын айтып, пайыздық көрсеткішпен көрсетті.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқали барлық шараларда студенттердің қамтылу пайызы төмен екендігін айтып, университеттің ғылыми жұмыспен айналысу деңгейін сұрады. Философия ғылымдарының докторы Айгүл Демеуова В1-В2 деңгейінен асып, нәтижені А деңгейіне жеткізуді ұсынды. Мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде ұсыныс білдірді. Сауалға жауап берген педагогика факультетінің деканы Бибатпа Көшімова жоба ҚР Білім және ғылыми министрлігінен берілген жарғыға сай жасалғандығын, пайыздық көрсеткіш көлемі университетте оқитын 3 мыңнан аса студентке шаққанда жақсы деңгей екенін айтты. Сараптау кеңесінің мүшелері бірауыздан бұл жобаны қайта жетілдіруді ұсынды.
«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің жетекшісі Гүлайым Азан мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша 2 бағдарлама жүзеге асатынын жеткізіп, аталған жобаға қатысты айтылған ой-пікірлер жинақталып, республикалық сараптау кеңесіне ұсынылатынын хабарлады.
Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Ұлттық код» туралы ардагер ұстаз Ордалы Қосай баяндама жасады.
– Қазаққа тән қасиеттерді 7-ге бөлдім. Біріншісі – ұлттың болмысы, физиологиялық және биологиялық ерекшеліктері, яғни бас сүйегі, келбеті, қан құрамы. Зерттеулерге қарағанда, қазақ қанының сапасының жоғарылығы жағынан әлемдегі 10 ұлттың қатарына кіреді. Бұл біздің 7 атаға жетпей қыз алыспайтындығымыздың оңды нәтижесі деп ойлаймын. Қазақтың дыбыстауы мен әуезі де бөлек. Екіншісі – аты-жөні мен тегі. Үшіншісі – тілі. Төртіншісі – күйі. Жұмагелді Нәжімеденов: «Күй – қазақтың иммунитеті» деген екен. Осы сөзге тоқтадым. Бесіншісі – ділі. Жүсіп Баласағұни: «Адамға екі нәрсе керек тегі. Бірі – тіл, бірі –ділің жүректегі» деген сөзі бар. Әр ұлттың қасиеті жүрекке берілген. Ол 6 тармақтан тұрады: бауырмалдық, мәрттік пен сөзге тоқтау, жомарттық, айтыскерлік, сенгіштік және иланғыштық, бейімделгіш қазаққа берілген қасиет. Алтыншы қасиет – топырағы, киесі, сүйегі. Адайдың пантеноны Сисем атада, қазақтың пантеноны Қожа Ахмет Яссауиде, 7 ханның сүйегі Сарайшықта, қазақтың зиялы қауымы Кеңсайда, Қабанбайдың басында жатыр. Жетінші қасиет – қазақтың жады. Жадымыздан айырылсақ, ұлттық қасиетімізден айырыламыз. Рухани жаңғыру қанымызда, қасиетімізде де бар. Осының негізінде «Сана» ұлттық жобасын жасақтауды ұсынамын, – деді Ордалы Қосай.
«Рухани қазына» ішкі бағдарламасы бойынша «Аймақ мәдениеті» базалық бағыты бойынша ардагер ұстаз Оразғали Өтеулиев белгілі «Жымиясың қарындас», «Адай қыз» және өзге де 50-ден астам әннің авторы, композитор Ғайнет Қуандықовтың 70 жасына орай шығармашылық кешін өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Тағы оқыңыз: Қысқы олимпиадада Қазақстан құрамасы қандай киіммен шығады?Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқалидің белгілі ән-күйлерді шығарып, өздері еленбай қалған авторлардың тізімін жасақтап, мерейтойлық жасы қарсаңында шығармашылық кештерін өткізу жөніндегі ұсынысын кеңес мүшелері қолдады.
Сараптау кеңесінде маңғыстаулық жас талапкер, Лос Анжелестегі Нью-Йорк Кино академиясы режиссер факультетінің 4-курс студенті Хайролла-Сұлтан Хисамиев бейнеүзік арқылы тарихи-танымдық бағыттағы «Айбек» қысқаметражды көркем фильм түсіруді жоспарлағанын айтты. Бұл іске қолдау білдерген сараптау кеңесінің мүшелері қысқаметражды көркем фильмнің сценарийімен таныстыруды сұрады.
Жиын қорытындысында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офиісінің жетекшісі Гүлайым Азан сараптау кеңесінің мүшелері мен тың бастамалар мен идеялары, өткір ұсыныстары бар облыс тұрғындарын бірге белсенді жұмыс жүргізуге шақырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47289,47292,47294,47293,47285,47288,47291,47290,47287,47286,47284"]