©
Маңғыстауда жер, мүлік салықтарын төлеуден жалтарып отырған 4 448 салық төлеуші анықталып отыр. Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің 2017 жылғы қызметінің қорытындысы мен 2018 жылға салық салу базасын кеңейту міндеттері туралы, ҚР Салық және Кеден кодекстерінің негізгі өзгерістерін түсіндіру бойынша семинар жиналыста айтылды.
Сонымен «МАЭК» ЖШС мәліметі бойынша Ақтау қаласында су және ток көздерін пайдаланатын 62 768 тұлға тіркелген, ал мүлік салықтарын төлеуші ретінде тіркелген тұлғалар саны – 58 320. Яғни айырмашылық - 4 448.
- Бұл дегеніңіз 4 448 салық төлеуші жер, мүлік салықтарын төлеуден жалтарып отыр дегенді білдіреді, - дейді облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов.
2018 жылдың басынан мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары көше аралап, 500-ге жуық жер үй мен коттеджді анықтаған. Департамент басшысы өз сөзінде жеке үйлерден түсетін салық мөлшері есептелгені жөнінде айтты. Атап айтсақ, жақында салынған «Шығыс-1» шағынауданындағы 214, 208, 285/1, 249, 7/2 және т.б. үйлердің бюджетке түсетін соңғы 3 жылғы салығы есептелінген. Аталған үйлер мүлік салығын 3 жылдан бері төлемей отыр.
- Мәселен, «Шығыс-1» шағынауданындағы 214-үй. Осы мекенжай бойынша, соңғы 3 жылға 548 150 теңге салық есептелінді. Сонымен қатар дәл осы аудандағы 208-үй. Бұл үйге 763 600 теңге мүлік салығы есептелінді, - дейді Әлібек Тілегенов.
- Ешкімге бай, бақуатты өмір сүрме демейміз. Керісінше, өңірде бай адамдар көбейсе, әдемі үйлер салынса тұрмысымыздың жақсарғаны деп қуанамыз. Газ мәселесі кезінде 2017 жылы сатып алынған көліктер санына санақ жүргіздік. Маңғыстау тұрғандары былтыр 7 758 көлік сатып алған. Бұл біздің бақуатты өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді. Мұндай зәулім үйлерді салуға жағдайы жеткен азаматтарға рахмет, бірақ әр нәрсенің өтеуі болады. Бұл жиналыста осы үйлердің иелері де қатысып отыруы мүмкін, - деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов.
Айта кетсек, қазір 120 салық төлеушіге соңғы 3 жылға жобамен 72,5 млн.теңге салық есептеліп, салық міндеттемелерін толық орындау жөнінде хабарлама жіберілген.
Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
Басты сурет сайттың архивінен
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47233,47229,47242,47239,47238,47236,47265,47266"]