Салық төлеушілер салық төлеуден жалтару үшін өз мүліктерінің бағалау құндарын өте төмен, яғни нарықтағы бағадан 10-20 есеге төмен бағалап отыр. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Балықбайұлы Тілегенов айтты.
- 2017 жылы сауда орындарының салық органдарына тапсырған салық есептілігі нысандарындағы мүліктің құнын бағалауға (оценка имуещество) талдау жүргізілген болатын. «Зами» сауда үйі мүліктік бағалау құнын 87 779 800 теңге деп көрсеткен, яғни осындай үлкен ғимаратты бар-жоғы 4 бөлмелі пәтердің құнымен тең қылып көрсетіп отыр. Ал жобамен нарықтағы құнын 580 миллион теңге деп бағаласақ, бюджетке 3 млн теңгеге жуық қосымша мүлік салығы түсер еді, – дейді Әлібек Тілегенов.
Сондай-ақ «Детский Мир» сауда үйі салық органдарына тапсырған салық есептілігінде мүліктік бағалау құнын 4 миллион 833 мың теңге деп көрсетсе, департамент басшысы нарықтағы құнын 100 миллионға бағалап отыр. Бұдан бөлек, «Мағаш» базары мен кондитерлік фирма 1 млрд 185 млн. теңгеге бағалап көрсетсе, ал Ә. Тілегенов нарықтағы құны 3 млрд 500 млн. теңгеге бағалануы керек деп есептейді. Егер нарықтағы құнына сәйкес бағаланса, «Детский мир» сауда үйінен үкіметке 1 млн теңге, ал «Мағаш» ЖШС өндіру фирмасы мен сауда үйінен 35 млн теңге қаржы түседі екен.
- «Олжа» сауда үйін де мысалға алуға болады. Олар мүліктік бағалау құнын 646 766 613 теңгеге бағалаған, яғни осындай үлкен ғимаратты нарықтағы құнынан анағұрлым кем қылып көрсетіп отыр. Нарықтағы құны кемінде 1 млрд 900 млн деп бағаланса, бюджетке 18 млн теңге түсер еді, – деп есептейді Әлібек Балықбайұлы.
Департамент басшысы мемлекеттік кірістер мамандары облыс көлемінде мүліктерді қайта бағалау жұмыстарын бастағанын ескертті. Алдағы уақытта осындай ірі сауда орындарына қатысты заңды бағалаулар жасалатын болады.
Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген СЕРІК МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47229,47241,47240,47232"]