©
Қоғам қайраткері, өлке телевизиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Қазақстан-Жаңаөзен» телеарнасының басшысы Мәлік Әндірғалиев дүние салды.
Мәлік Тезбергенұлы 1968 жылы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында туған. 1985 жылы №7 орта мектепті аяқтап, Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. 1986-1988 жылдар арасында әскер қатарында болды. 1991 жылы еңбек жолын «Жаңаөзен» газетінде аудармашы, тілші қызметтерінен бастаған ол 1992 жылы депуттар кеңесінің ұйымдастыру жұмыстары және тұрақты комиссиялар бөліміне аға маман, 1993 жылы №2 технологиялық транспорт басқармасында инженер, 1993 жылы Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясы, облыстық радионың редакторы, 1994 жылы облыстық телевидениенің ақпараттық бағдарламалары редакторы, 1995-98 жылдары «Тандем» радиосының редакторы, Жаңаөзен қалалық телеарнасының редакторы, «Хабар» агенттігінің аймақтық тілшісі, Ақтау қалалық «Бейбарыс Шах» телеарнасының бас редакторы, облыстық «Хабар» апталық газетінің бас редакторы, 2001-2004 жылдары Жаңаөзен қалалық «Атамекен» телеарнасының редакторы, 2004-2007 жылдары «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының редакторы, 2005-2009 жылдары «Бойтұмар» медиа-продюсерлік компаниясының директоры, 2009-2011 жылдары «Огни Мангистау» газетінің меншікті тілшісі қызметтерін абыроймен атқарды. 2012 жылдан бастап «Қазақстан» РТРК» АҚ корпунктінің жетекшісі болды.
"Хакім Абай: «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы» деп көкірегін қарс айырғанда, қандай күйде болғанын кім білген?! Адамның өмірге келуі қандай табиғи құбылыс болса, өмірден өтуі де сондай заңды десек те, кісі жүрегі қимайтын асыл текті азаматтар жетерлік. Сондай жандардың бірі - қоғам қайраткері, өлке телевизиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Қазақстан-Жаңаөзен» телеарнасының басшысы Мәлік Әндірғалиевтің жүрегі қаңтардың 10-ы күні мәңгіге тоқтады.
Мәлік Әндірғалиевтің жарқын бейнесі оның өзін танып, бірге қызметтес болған жұрттың көңілінде кең жүректі асыл азамат ретінде мәңгі сақталады", - деп Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев бастаған қала активі орны толмас қазаға байланысты көңіл айтты.