©
«Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді. Бұл туралы көп айтылды. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады. Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр».
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан
Маңғыстау облысына арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары кезекті жұмыс күнін Құрық портында өткізді. Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тарас Хитуов, Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әлия Сапарова, сондай-ақ, Құрық паромы басшылығы, «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиал өкілдері ел индустриясында маңызы зор паром кешенінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Кешеннің келешегі кемел
Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жоба – Құрық портының бүгінгі бейнесі, кешен жұмысының жай-жапсары жайында айтып берді. «Таяуда ғана Елбасымыз өз Жолдауында он бағыттың бірі – транспорттық кешен жұмысын дамытуды тапсырды. Құрық порты осы бағыттағы жұмысқа тікелей қатысты. Кешенді айлақтағы жұмыстың жүргізілу барысын көрдік, орындалу деңгейімен таныстық. Қазіргі кезде паром кешені қарқынды жұмыс жасап тұр. Паром өз жоспары бойынша бекітілген жүкті мөлшерден екі есе артық тасымалдап, жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінгі күні автомобильдің тасымалдау жұмысы да жанданды. Құрық порты Қазақстанның ең ыңғайлы жерінде орналасқан. Біздің ел арқылы көптеген транспорттық тасымалы атқарылуда» деді Мәжіліс депутаты.
Тарас Киікбайұлы паром кешені қолданысқа берілген уақыттан бері Құрық елдімекенінде тіршілік жандана бастағанын атап өтті. «Кешеннің ашылуымен халықты жұмыспен қамту мәселелері де оңтайлы шешімін тауып отыр. Мұндағы жұмыс қарқыны теңіз жағасындағы паром кешенімен шектелмей, темір жол рельстері төселіп, автомобиль жолдары ұзарды. Елдімекендер арасындағы байланыс жақсарды. Жол бойына тиісті мекемелер, жұмысшыларға жатақхана, дүкен, дәмханалар ашылды. Осының барлығы өңірдің өн бойына қан жүгіртті» деді Т.Хитуов.
Айта кетсек, Құрық портының екінші кезеңі – автокөлік өткелін іске асыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айрықша аталған. Мемлекеттік маңызы жоғары кешен жұмысының қазіргі таңдағы жұмыс жоспарын еселеп еңсерілуі Елбасы жүктеген міндеттердің мүлтіксіз орындалып отырғанына айғақ болды.
Әріптестік байланыс артты
Өткен жылдың соңында Құрық портының екінші кезеңі іске қосылып, жаңа автокөлік тасымалы айлағы ашылған. Соның нәтижесінде елімізден 27 ауыр жүк көлігі мен 1 жеңіл көлік экспортталды. Құрық порты бас директорының орынбасары Талғат Оспанов жыл ішінде автокөлік кешені жұмысы толық іске қосылып, паром тынысының кеңейе түсетінін жеткізді. «Өздеріңізге белгілі, Каспий теңізі 5 мемлекетпен шекараласады. Қазіргі күнде Әзірбайжан, Түркменстан өз порттарын кеңейтіп жатыр. Еліміз де бұл бағытта кешенді жобаларды қолға алды. Бір жылда 1 миллион 476 мың тонна жүк жөнелтілді. Соның ішінде бізде қазір Әзірбайжан мемлекетімен тығыз қатынас орнаған. Бізден экспортқа мұнай, астық өнімдері, тыңайтқыштар мен химикаттар шығарылса, импортқа халық көп тұтынатын тауарлар келеді. Осы порт арқылы Әзірбайжан, Грузияға, Нидерланды, ол елдерден өзге шет мемлекеттерге маңызды жүк тасымалдары жүргізіледі» деді Т.Оспанов.
Ел дамуының алғышартына баланған мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі Қазақстанның транспорттық инфрақұрылымы өте жоғары деңгейде дамып келеді. Аймақтағы темір жол қатынастары жаңаруына сеп болған Құрық портынан іргелес Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерден транзиттік жүктер өтеді. Сондай-ақ, жүктерді басқа вагондарға ауыстырмастан тиемелдеу тәсілі де жолға қойылған. Бұл өз кезегінде жұмыс күші мен уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кетер жайт, жуырда Тбилиси-Карс темір жол қатынасы қосылды. Жаңа бағыт Қазақстаннан экспорт және транзиттік жүктерді тасымалдау көрсеткішін көтеруге айтарлықтай үлес қосатын күн де таяу.
Паром өкілдері бүгінгі күнде айлақтағы жүк өткізу көлемі айтарлықтай артқанын айтады. Кешеннің жұмысы екі фазаға бөлінеді. Біріншісі, темір жол паромдарын әзірлеу, оның жүк көрсеткіші 4 миллион 100 мың тоннаға тең. Екіншісі, автокөлік паромы, қуаты – 1 миллион 900 мың тонна. Жалпы көлемі 6 миллион тонна жүк жөнелтуге қауқарлы. Кешенде жергілікті мемлекеттік орган, темір жол, кеден, шекара қызметкерлері тәулік бойына бір терезе ережесімен бірлесе қызмет көрсетеді. Ал 2018 жылға Құрық порты арқылы 2 миллион тонна жүк тасымалдау жоспарланған.
Құрық порты Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні саналады. Бүгінде кешеннің маңызы артып, Еуразияның логистикалық картасындағы жаңа байланыс нүктесіне айналды. Паром кешенінің ауқымды жұмысының нәтижесінде Ақтау портының паром қуаттылығына байланысты түйіткілді мәселелер де шешімін тапты. Қазіргі күнде Қытайдан Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жіберілетін жүктер – Қара теңіз портына шығатын жолдар Құрық портынан жүзеге асырылып, маңызы күн санап арта түседі. Ел дамуының жоспарлы бағдарламаларын орындалуын көзбен көрген халық қалаулылары паром кешенінің келешегі кемел боларына сенім артты.
Жайық НАҒЫМАШ