©
Бұл туралы Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде өткен мемлекет басшысының халыққа Жолдауын түсіндіру бойынша өткен жиында айтылды. Жолдауда негізгі он басымдықтың бірі ретінде көлік-логистика саласын аталған. Бұл міндет алдымен сала өкілдеріне зор жауапкершілік жүктейді. Осы мақсатта маңғыстаулық теміржолшыларға төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы түсіндірілді.
Топ құрамында "ҚТЖ" ҰК" АҚ "Магистралдық желі дирекциясы" филиалының директоры Жарас Изгулов, бірінші деңгейлі бас менеджері Алма Сәулебаева, "ҚТЖ" ҰК" АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің бірінші деңгейлі менеджері А.Ақтау бар. Басқосуға Маңғыстау магистральді желі бөлімшесі бастығы Мұхтар Бақтыгереев, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бурхутов, түбек теміржолының өзге де мекеме басшылары, теміржол ардагерлері мен басқа да теміржолшылар қатысты.
Кездесуге төрағалық еткен Ж.Изгулов Президент Жолдауының маңыздылығына тоқтала келе, темір жол жұмысын заман талабына сай жетілдіре түсу мақсатында алға қойылған жаңа жоспарлармен де таныстырды.
- "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының жүзеге асуы барысында пойыздар қозғалысын басқару орталығы жобасы бар. Жобаны биыл бастап 2022 жылға дейін Астанаға көшіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Асу магистраль диагностикалық желіні тексеру құрылғысын да өндіріске енгіземіз. Соның ішінде биыл 6 диагностикалық вагон алдық, соны іске қосамыз. "Цифрлы вокзал" жобасы да қарастырылуда. Облыс орталықтарындағы темір жол вокзалдарының барлығы, соның ішінде 17 вокзал цифрлы вокзал құрамына енеді, - деген ол тағы да біраз жағымды жаңалықтарды күтілетінін тілге тиек етті.
Ал А. Сәулебаева болса елімізді жаңа әлем көшбасшыларының тізіміне енгізу үшін Президент көрсетіп берген он нақты міндетке жеке-жеке тоқталып, әрбір бағыттың мән-маңызын жіліктей тұрып жеткізді. Түбек теміржолшыларының атынан ардагер теміржолшы, облыстық мәслихат депутаты, Мұнайлы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Табылды Әміров пен маңғыстаулық ардагерлер теміржолшылар кеңесінің төрағасы Амандық Алдабергенов сөз алып, өз ойларын айтты.
Шахида ЖҰМАНОВА
Сурет Т. ҚҰСАЙЫННЫҢ архивінен