19 қаңтарда православ христиандары өздерінің басты мейрамдардың бірі — Құдайға шоқыну мейрамын атап өтеді. Бұл күні шоқынушылар қасиетті суды алып, онымен үй ішін тазалайды. Сондай-ақ діни дәстүр бойынша діндар адамдар ойылған жердегі суға түсіп, қасиетті Троицаға дұға жасайды. Алайда бұл күні шоқынушылармен қатар христиан дінін ұстанбай-ақ, суық суға түсудің қыр-сырын білмейтіндердің де аязға қарамастан суға түсіп жататыны бар.
- Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағының құтқару бекеттерінің барлығы Құдайға шоқыну мейрамы кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуде тәуліктік кезекшілікті күшейтілген дайындықпен ұйымдастырады, - дейді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Ходжабекова. - Өткен жылы Ақтау қаласында 400-ден астам адам суға шомылды. Шоқыну кезінде ешқандай дайындығы жоқ адамдар шомылып жататындықтан жедел-құтқару жасағы судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін суға түсетін жерлерде насихат жұмыстарын жүргізеді. Елді мекендерде, Каспий теңізінің жағалауында профилактикалық рейдттер мен патрульдеу жүреді. Жыл сайын негізгі суға шомылу дәстүрі Ақтау қаласының 15 шағынауданға қарама-қарсы жағалауда өтеді. Әр учаскеде төтенше және қайғылы жағдайды болдырмау үшін жедел-құтқару жасағының тәжірибелі сүңгуірлері суға түсушілерге қатаң бақылау жасайды. Әрбір қатысушы алдын ала нұсқамалармен таныстырылады. Құтқарушылар шомылар алдында бұлшық еттерін жақсылап қыздырып алу керек екенін ескертеді. Ол үшін жүгіріп немесе секіріп алуға болады және бұл жаттығуларды шешініп істеген дұрыс. Шомылып шыққаннан кейін бірден жылы шұлық және қолғап киіңіз. Себебі қолыңыз бен аяғыңыз бірінші тоңа ды. Сүлгімен сүртініңіз немесе халатқа ораныңыз, кептірініп киінген дұрыс, ішімдік ішпеңіз.
Сөз жоқ, мұздай суға түсу жүйесі денсаулықтың сауығуына көмектеседі. Бірақ адам жылына бір-ақ рет суға түсу арқылы денсаулықты түзеуге емес, керісінше, ағзасын ауыр күйзеліске, ауруға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан суық суға түскісі келетіндер алдын ала дайындығы бар христиан дініндегі адамдардың әрекеттерін көзсіз қайталамай, арнайы ережелермен мұқият танысып, өз ағзасын медициналық тұрғыдан тексертіп, денсаулығына сенімді болғаны абзал.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Сурет интернет желісінен алынды
Тағы оқыңыз: Маңғыстауда кіші құмтышқанның жаңа түрі табылды