©
Елімізде жыл сайын халыққа қызмет көрсетудің сан түрлі саласы заманға сай технология құралдарының көмегіне жүгініп, қолжетімділік деңгейі арта түсуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының «Тиімді мемлекеттік басқару», яғни 8-бағыты аясында мемлекеттік электрондық қызметтерді дамытуға басымдық берген еді. Маңғыстау облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы басшысы Байжігіт Ербол Бердібайұлынан Елбасы Жолдауында жүктелген цифрлық қызмет бойынша халыққа ұсынылатын электронды қызмет сапасы мен қызмет түрлері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында білген едік.
Онлайн тіркеу – 20 минут
Биыл ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша маңызды міндеттерді жүзеге асырды. Бұл ретте, тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстар да жалғасын тауып отыр. Әсіресе электронды үкімет порталының дамуы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін көтеру, яғни мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің ең ыңғайлы тәсілдерін игеру қажеттілігі алға шығады.
Маңғыстау облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы осындай электронды қызмет түрлерін дер кезінде қолданысқа енгізіп, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынды. Соңғы өзгерістерге сәйкес электронды үкімет порталында тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу рәсімі жеңілдеген. Енді бар-жоғы 20 минут ішінде азаматтар онлайн тіркелу рәсімін жүргізе алады. Сонымен қатар ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес биыл қаңтар айынан бастап тіркеуге мемлекеттік баж алынбайды.
Орталық басшысы Ербол Байжігіт Елбасы Жолдауында жүктелген цифрлық қызмет бойынша халыққа ұсынылатын электронды қызмет түрлерінің жаңарып, аясы кеңіп келе жатқанын айтып, тың жаңалықтарымен бөлісті. «Қазір қағазбен жүргізілетін қызметтің орнын электронды технологиялар ауыстырған уақыт. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дамудың басты бағыты да цифрландыру арқылы іске асатынын атап өткен болатын. Бүгінгі таңда азаматтарды онлайнтіркеу бір жүйеге түсті. Бұрынғыдай сағаттап кезек күтудің қажеті жоқ, 10-20 минутта тіркелуге болады. Бұрын электрондық үкімет порталы арқылы тіркелгенде 10% АЕК көлемінде мемлекеттік баж төлеу міндеттелетін, биылғы жаңа ережелерге сәйкес енді салық төленбейді. Сондай-ақ бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт офисіне келіп, жеке куәлік чипына тіркеу туралы деректер жазбасын енгізу үшін көшіқон қызметкеріне жүгіну қажет еді. Наурыз айынан бастап портал арқылы тұрғылықты жер бойынша тіркелу рәсімі жеңілдеді», – дейді Ербол Бердібайұлы.
Жылжымайтын мүлік иесі және тіркелетін азамат egov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін, тіркелуші өтініш беріп, меншік иесі өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен растауы тиіс. Өтініш берілгеннен кейін деректер шамамен 10 минутта өңделеді, содан кейін тіркелген мекен-жай бойынша анықтама алуға тапсырыс беру мүмкіндігі беріледі. Бұл қызметке электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кез келген азамат Қазақстанның барлық аймақтарында қол жеткізе алады.
Салық төлеудің онлайн мүмкіндігі кеңейді
Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «SmartPay» провайдерімен бірге пилоттық тәртіпте fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосқан. Бұл қызмет түрін қолма-қол ақшасыз есептесуді қалайтын азаматтар қолдана алады. Елімізде кең таралған 37 мемлекеттік қызмет ақысын банк карталары арқылы ғана емес, «WebMoney», «Qiwi» и «WalletOne» электрондық әмияндары арқылы да төлеу мүмкіндігі артты.
Маңғыстау облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы басшысы Ербол Байжігіт fastpay.kz онлайн сервисінің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұлдар мен жол ережесіне қатысты айыппұлдарды төлеуге болатынын, оның тізімі алдағы уақытта толыға түсетінін жеткізді.
«Жаңа сервис – мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифрландыруға жасалған кезекті қадам. Енді қызмет алушылар кассаға кезекке тұрмай-ақ, интернет желісі қосылған смартфон немесе басқа да гаджетпен www.fastpay.kz сайтына кіріп, тиесілі мемлекеттік қызметке шұғыл түрде төлем жасай алады. Төлем жасалған соң азаматтың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті мен электрондық поштасына электрондық чек бекітілген хабарлама келіп түседі», – дейді орталық басшысы.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру жеңілдеді
Қазақстандықтар жүргізуші куәліктерін электронды үкімет порталы арқылы ауыстыра алады. Бұл қызмет Астана, Алматы қалалары мен өзге өңірлермен қатар Маңғыстау облысы тұрғындарына да ұсынылады.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба талап етіледі. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қатар фото-суретпен қойған қолының скансуретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы 1,25 АЕК (3007 теңге) құрайды.
Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.
Дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының ТЕБ-ке жолығуға болады. Бұл кезде қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.
Босанған аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісінің пилоттық жобасы қосылды
Қазақстандықтар алғашқы рет мемлекеттік қызметке проактивті тәсілмен қол жеткізді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірге ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Енді Маңғыстау өңірі үшін де ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында жаңа туған азаматты тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу ұсынысы жасалады.
Электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды.
«Қазіргі таңда бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы тиіс. Бүгіннен бастап проактивті қағидаттың іске қосылуына байланысты енді фронт-офистерге барудың, тіпті электрондық үкімет порталына жүгінудің де қажеті жоқ. Барлық қажетті қызметтерді ол SMS хабарлама арқылы ала алады. Бірақ SMS хабарлама алу үшін азаматтар кез келген ХҚКО-ға барып, өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс», – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай.
Пилоттық жоба аясында жаңа туған баланы SMS хабарлама арқылы тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеуге болады. Енді қызмет алушы SMS хабарламаға жауап ретінде өзі тіркеуде тұрған жердің мекен-жайын жазып жіберсе, меншік құқығы туралы мәліметтер тексеріліп, меншік иесі рұқсат берген жағдайда нәрестені көрсетілген тұрғылықты жерге тіркейді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Түбек тірегі – кәсіпкерлікЕске салсақ, осыдан бір ай бұрын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің бірігуінің арқасында баланың өмірге келуіне байланысты көрсетілетін композиттік қызметтер проактивті принциппен ұсыныла бастады. Соған сәйкес нәрестені тіркеу өтініштері автоматты түрде жасалып, жаңа босанған аналардың телефонына бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді SMS хабарлама арқылы алуға ұсыныс жіберіледі. Нәтижесінде балалы болған ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронтофистеріне бармай-ақ, телефон көмегімен туу туралы куәлік пен тиесілі жәрдемақыларды рәсімдеу, балабақшаға кезекке қою сияқты мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болды. Енді осы проактивті принциппен көрсетілетін қызметтер қатарына сәбиді тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеу қызметі де енгізілді.
Ескеретін жайт, проактивті қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу, яғни азаматтың жеке сәйкестендіру нөміріне телефон нөмірін байланыстырып қою қажет. Мұны электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асыруға болады.
Баланы тіркеу, жәрдемақыны рәсімдеу және балабақшаға кезекке қою қызметтерін жергілікті ХҚКО-дан да алуға болады. «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсы нылады. Яғни телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды да рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға мүмкіндік бар. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін де пайдалануға болады. Осы уақытқа Қазақстан бойынша босанған 192 анаға мемлекеттік қызметті алу ұсынысымен SMS хабарламасы жіберілген. Ал Маңғыстау облысында қазіргі кезде 8 перинеталдық орталық бар. Мобильді үкімет порталына 2888 босанған әйел тіркелген. Дүниеге келген балалар саны 2951 болса, 1735 анаға құттықтау SMS хабарламасы келген, осы арқылы куәлік алған бала саны 451-ге жеткен. Балабақша кезегіне тұрғызылған балалар саны – 64. 4 жәрдемақы тағайындалып, барлық проактивті қызметті 3 адам алған. Бұл көр сетілген қызметтің барлығы – биылғы жылдың 9 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі көрсеткіштер. Алдағы уақытта электронды қызметтің сапасы мен сандық үлесі арта түсетініне сенім мол.
Еске сала кетсек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызмет көрсетуді проактивті тәсілге көшіру үрдісі ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың тапсыруымен қолға алынған.
Жайық НАҒЫМАШ