©
Мұнайлы ауданы мектептері 2017-2018 оқу жылын 28168 оқушымен, оның ішінде 1-11 сыныптарда 25 643 оқушы және даярлық топтарда 2 525 баламен аяқтап отыр.
15 мамырда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру шеңберінде ата-аналарды мемлекеттік білім беру саясатының бағыттары, орта білім беру жүйесінің жетістіктері туралы хабардар ету және мектепті басқаруда педагогтар мен ата-аналардың күш-жігерлерін біріктіру мақсатында «Білімді ұлт – білім берудің және отбасылық құндылықтардың сапасы» атты жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өткізілді. Оған ата-аналар, жергілікті өкілдік және атқарушы органдардың өкілдері, демеушілер және меценаттар, БАҚ өкілдері қатысты.
Оқу жылының аяқталуына байланысты бүгін аудандағы барлық білім беру ордаларында дәстүрлі соңғы қоңырау салтанатты жиыны өткізілуде. Мектептерде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылы жалпы орта білім беретін ұйымдарда Астананың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» атты мектеп бітіру ісшарасын өткізу тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, жиынның өту жоспары, концерттік бағдарламалар жасақталып, дайындық шаралары ұйымдастырылды. Аталған тұжырымдамаға сәйкес 15 маусымда барлық жерде бір уақытта бітіруші сыныптардың аттестаттарын табыстау салтанатты жиыны ұйымдастырылады және сол күні бітіру кештері өтеді.
Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр мектепке жауапты қызметкерлер бекітіліп, штаб құрылды, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің ішкі істер бөлімімен бірлескен іс-шаралар жоспары да бекітілді. 25 мамыр және 15 маусым күндері ішкі істер бөлімімен бірге рейд жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Техника қауіпсіздігін сақтау, өртке қарсы қауіпсіздік мәселелері жөнінде мектеп қызметкерлерімен нұсқаулықтар алдын ала өткізілді.
Қазіргі таңда Мұнайлы ауданы мектептерінде бітіруші 719 оқушы бар. Олардың 549-і ҰБТ-ге қатысуға тілек білдіріп отыр. Аудан бойынша «Алтын белгіге» үміткер 20 оқушы, «Үздік аттестатқа» үміткер 38 оқушы бар. Кешкі мектепті 48 түлек бітіреді, олардың ешқайсысы ҰБТ-ға баруға өтініш берген жоқ. Аудандық білім бөлімінің оқу жылын аяқтау туралы бұйрығына сәйкес 9 сыныптардың бітіру қорытынды емтихандары 2018 жылғы 28 мамырдан бастап 8 маусымды қоса алғанда, 11 сыныптардың мемлекеттік бітіру емтихандары 2018 жылғы 29 мамырдан бастап 9 маусымды қоса алғанда, білім алушыларды қайта аттестаттау 2018 жылғы 12-30 маусым аралығында өткізіледі. ҰБТ ағымдағы жылдың 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Жылдағыдай мектеп түлектерін тестілеу күні Ақтау қаласындағы тестілеу пунктіне жеткізу және кері тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылады, оған жергілікті бюджеттен 220,0 мың теңге қаржы қарастырылды.
Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы мен сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша төмендегідей жұмыстар атқарылуда. Аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған оқушыларды мектеп жанынан ашылатын жазғы сауықтырумен қамту мүмкіндігін жоғарылату мақсатында 2017 жылы 2300 баланы қамтыса, 2018 жылы 2550 бала қамтылатын болады. №3 орта мектепте 300 бала, қалған №4, №5, №6, №10, №12 орта мектептердің әрқайсысында 450 бала жазғы сауықтырумен қамтылады. Бөлінген қаражат – 79 370,0 мың теңге.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бабалар жүрген ізбенен…Жергілікті бюджет есебінен қала сыртындағы сауықтыру лагеріне 350 бала қамтылады. Аудан мектептеріндегі үздік оқушыларды, аз қамтылған отбасыларынан шыққан 30 балаға демеушілердің, меценаттардың колдауымен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Астана – Ұлы дала елордасы» тақырыбында Астана қаласына саяхат ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар балалардың жазғы маусымда бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында аула клубтарына 2741 бала тартылады.
Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен маусым айында «Балдәурен» оқу-сауықтыру базасындағы жазғы демалысқа 45 бала демалып келеді.
Міне, тағы да бір оқу жылы аяқталды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған шәкірттерімізге өмірден өз орындарын табуына ниеттестік білдірсек, ал жазғы демалысқа шыққан білім ордасының оқушыларына шаттыққа толы қуанышты күндер тілейміз.
Гүлзада МУРАДАЛИЕВА, Мұнайлы аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары
Көрнекі сурет сайттың архивінен