РЕДАКЦИЯДАН: 24 қаңтар күні сайтымызда журналист Венера Мирланның "Маңғыстауда жануарлардан жапа шеккендер саны артты" деген ақпараты жарық көрген болатын. Мақалада 2017 жылы Маңғыстау облысында түз және үй жануарлары тістеп, тырнап тастаған 1796 адамның дәрігер көмегіне жүгінгені айтылған. Жазылған жайдың жаңғырығы ретінде журналист Мұратбай Ұлықпанның қос мақаласын ұсынып отырмыз. Оқыңыз, ой бөлісіңіз.
ҚАСҚЫРДЫҢ ҚОЛҚАСЫНА ҚОЛ САЛҒАН ҚАЗАҚ
Атайы-бабайы шаруалар өмірінше аса сергек болады. Жұрт қалың ұйқыда жатса да олардың құлағы түрік болады. Себебі халқымызда «Диқан – жауында, балықшы – дауылда, шаруа - өлгенде тынады» деген қағидаға бергісіз сөз бар. Мал – көздің жауы. Оған қандықол қарақшылар да, түз тағылары да, тіпті ауыл-үйді торуылдап иесіз қаңғып жүретін бұралқы иттер де өш. Бәріне де тегін тамақ, оңай олжа керек. Сондай шаруалардың бірі – Қуан Жәкешов. Ол - Жаңаөзеннен 90 шақырым қашықтықтағы «Жабай ұшқанда» отбасымен мал бағып отырған шаруа.
Қуан алпыс жастың асқарына арқа сүйеген шақта арланмен айқасып, құтырған қасқырдың қолқасына қол салып, қылғындырып өлтіріп, өзі де жарадар боламын деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Бәрі де қаңтардың қытымыр қысының аязды түнінде, ел тыныш ұйқыда жатқан кезде, аяқ астынан ойламаған жерден болған. Айналасында көмек сұрайтын тірі пенде жоқ. Үй-іші, бала-шағасы да қалың ұйқы құшағында. Көзге түртсе көргісіз қараңғылықта өзіне тап берген қасқырға, бұл да қарусыз дымсыз, жалаңаш, жалаң қолмен шап береді. Тап берген жабайы тағыға шап бермесе өзінің тірі қалуы да екіталай.
- 21 қаңтардың түні еді. Түн ортасында ит тынымсыз үре берді, - деп әңгімесін бастады Қуан Жәкешов. – Есік алдындағы қалың киімді желбегей жамылып, етікті қоңылтаяқ киіп, қолшамды (фонарик) ұстап, сыртқа шықтым. Үйден 100-150 метрдей жердегі қораларды айнала бергенде бірдеңе қараң-құраң еткендей болды. Қандай мақұлық екенін ажырату мүмкін емес. Жалма-жан шамның жарығын солай қарай түсірдім. Дәл сол сәтте әлгі арлан маған қарай оқша атылды. Қолымдағы шам анадай жерге ұшып түсті. Оған қарайлауға мұрша жоқ. Арлан екеуміз алыстық та кеттік. Бір құдайдан басқа сенерім де, сиынарым да, медет тілерім де жоқ. Себебі өлім мен өмірдің айқасы басталды. Қайсысымыз жеңілсек те, өлімсіз бітпейтіні ақиқат. Атаңа нәлет, желкесі майдан күжірейген нағыз көкжал екен. Жүні де қалың. Бұлтылдап қолға ұстатпайды. Ұстатқанмен уысыңа сыймайды. Азу тістері ақсыйып, аузын арандай ашып ұмтылды. Дәл сол сәтте қолқасын суырып алуды ойлап, көмейіне сол қолымды салып жібердім. Әккі қу қолқасына қолымды жолатпай, шайнап тастады. Екі саусағымды сындырып, быт-шытын шығарды. Жаным мұрнымның ұшына келді. Сонда да сыр бермедім. Сәл әлсіздік танытсам, жанымды жаһаннамға жіберетіні белгілі. Сол үшін өліспей беріспедім. Әйтеуір, жандәрмен күйі оң қолым көкжалдың өңешіне ілікті. Ол екі алдыңғы аяғымен қарманып, мойным мен құлағымның сау тамтығын қалдырмады. Тұла бойым қып-қызыл қан жоса болды. Оған да қарамадым. Оң қолыммен барынша өңешті қыса түстім. Оңайлықпен беріле қоймады. Бір кезде басымдылығым байқалды. Қасқырдың үстіне шықтым. Сонда да тыпырлап, қара жер мен аяқтарымды тырналап, азу тістерін ақсыйтып, айбат шегіп жатыр. Түрі сондай қорқынышты. Сосын өңешін бұрынғыдан да қаттырақ қысып, қос тіземмен кезекпе қос өкпесін езгілей бердім. Азу тістері ақсиғанмен қыңсылауға да шамасы келмей, буындары босап сала берді. Сөйтіп қасқырды буындырып өлтіріп, шыбын жаным аман қалды. Бірақ көкжалдың өңешін сығымдаған оң қолымның саусақтары қарысып қалыпты. Өзімде де әл-дәрмен қалмады. Әбден титықтадым. Сонда да уақыт өлтірмейін деп, үйде ұйықтап жатқан баланы ояттым. Мәшинені қыздыртып, дайындаттырдым. Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасына таң алдында жеттік.
Иә, Қуан Жәкешов аурахананың трвамотология бөлімене жатқызылып, ем қабылдай бастады. Бүгінде беті бері қараған. Шайхы, Марат деген дәрігерлердің арқасында күннен-күнге сауғып келемін дейді. Өлген қасқардың басы Қарағия аудандық ветеринариялық стансасы арқылы Астананың ба, Алматының ба әлде Ақтаудың ба ветеринарлық зертханасына жіберілген дейді ол. Әрине, қасқырдың ақ-қарасы, ауру-сырқауы, құтырған-құтырмағаны солардың зерттеу қортындысына қарай ажыратылатынға ұқсайды. Ол үшін 20-30 күн уақыт керек. Соған қарамастан Қуекең емделіп жатыр. Ең бастысы, айығып отбасына, бала-шағасының арасына аман-есен қауышқай!
Біз әңгімелеп отырған Қуан Жәкешов - бүгінгі бейбіт күннің батыры. Сондықтан оны қалай мақтап, мадақтап, дәріптеп, марапаттасаң да ылайықты. Бүгінгі жастар мен жасөспірімдерге қалай үлгі етіп, өнегелі өмірін, еңбекқорлығын, ерлік ісін өрнектеуге де жарасады. Кешегі Таутайлақты, Жезтырнақты өлтірген ата-бабаларымыздың қолында найза, ең берісі кездік болғаны тарихтан белгілі. Ал Қуекең көзге түртсе көргісіз жеті қараңғы түнде жалаң қолмен жалғыз өзі жаудай жағаласып, арланмен алысып, көкжалды қарусыз қылғындырып өлтіріп, бүкіл отбасы мен мал-жанын аман сақтап қалды. Мұны ерлік емес деп қалай айтасың?
МЫСЫҚҚА ТАЛАНҒАН ЕКІ ӘЙЕЛ КҮНДІЗГІ БӨЛІМДЕ ЕМДЕЛІП ЖҮР
Қаңтардың 29-30-ы күндері «екі мұнайшы әйелді құтырған мысық талап тастапты. Қазір екеуі де ауруханада жатқан көрінеді» деген алыпқашпа әңгімелер желдей гуілдеді. Мән-жәйды біліп, оқырмандарымызға ақиқат ақпараттарды жеткізу үшін қалалық орталық ауруханаға бізде бардық. Бірақ өкінішке орай, әйелдермен кездесе алмадық.
Себебі олардың жарақаты әлде аяқтарының тырналған жерлері аса қатерлі болмағандықтан үйлерінен қатынап, күндізгі бөлімнен ем қабылдайтын болыпты. Сосын ауруханаға келетін уақыттары да белгісіз көрінеді. Сондықтан травмотология бөлімінің дәрігерлерімен әңгімелестік. Олар медкарталарына қарап, әлгі әйелдердің аты-жөнін, туылған жылдарын, қойған диогноздарын айтып берді.
- Негізінде бұл кісілерді құтырған хайуанның белгілерінің ізі бар мысық тырнаған. Жұмыс орындарында болған. Қазіргі кездері қажетті ем-домдарын алып жатыр. Күндізгі бөлімде, - деді Марат Өтебаев.
- Оларға бізге келуден алғашқы медициналық көмек көрсетілді, - деп Мақсаттың сөзін травмотология бөлімінің меңгерушісі Шайхы Жансупов толықтырды. – Құтырған аң, мал тістеген науқастарымызға құтырмаға қарсы екпе егеміз. Кезекші дәрігер екеуі де келген күні алғашқы уколдарын салған. Әрі қарай үнемі бақылауда ұстаймыз. Алғашқы екпеден кейін екі күннен соң тағы тиісті вакцинациясын алады. Сосын 7 күн дегенде, одан әрі 14, 30, 90 күн дегенде вакцинацияларын алады.
- Бұл негізінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның №4 мұнай және газ өндіру басқармасының аймағында болған жағдай, - деді бізбен әңгімелескенде Жаңаөзен қалалық ветеринария стансасының директоры Амандық Нұртаев. – Бізге хабарлаған МГӨБ-4 өкілінің айтуына қарағанда оқиға болған орынға түлкі келген. Сол түлкілермен төңіректе жүрген мысықтар өзара таласып «шайқасқан». Бірін-бірі тырнап, бірін-бірі тістелеген көрінеді. Хабарласқасын біз барып көрдік. Өздері әлгі құтырды деген мысықты осында әкелді. Әкелгесін көрдік, тексердік. Тып-тыныш жатқан мысықтан құтырманың белгісін байқай алмадық. Өйткені кез келген аң, мал, мақұлықтың құтырғанда температурасы көтеріліп, аузы көпіріп, сілекейі шұбырып, екі көзі қызарып, өзін жайсыз сезініп, жан-жағына ұрынып, кез келген қатты нәрселерді тістелеп, мазасы кетеді. Ал әлгі мысықта мұндай оғаш көрініс, оқыс қылықтар байқалған жоқ. Сонда да он күнге дейін тұрақты бақылайық деп МГӨБ-те оқшауландырып, жеке орында ұстап отырмыз. Он күн ішінде қандай да жасырын, құпия белгілер болса айқындалады. Сосын әрі қарайғы шараларын жалғастырамыз.
Тағы оқыңыз: Ақтау аққулары туралы қызықты 12 дерекМұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы