©
Бейнеу ауданы әкімі Бейнеубек Әбілов аудандық қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен бұл жиынға облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Рахат Елитазаров қатысты.
Аудан әкімі Бейнеубек Көңлімқосұлы ауданның жағдайын жақсартуда жыл ішінде қандай істердің атқарылғандығын кеңесте нақпа-нақ баяндап берді.
Аудан халқы жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылда аудан халқы мың алты жүз адамға өсіп, 68100-ге жеткен. Өсімнің елге оралған қандастарымыздың есебінен және басым бөлігі ішкі миграция мен табиғи өсім есебінен болғаны көңіл қуантады. Әлеуметтік қорғау саласына бөлінген қаржы да былтырғы жылмен салыстырғанда екі жарым пайызға өскен. Есепті мерзім ішіндегі жұмыссыздықты азайту мақсатында адамдарды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, «Жастар практикасы», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 20172021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істер, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, оларға көрсетілетін қызметтер, ауданның барлық салалардағы әлеуметтік даму жайы егжей-тегжейлі баяндалды.
Тек бір мысалын айта кетсек, денсаулық сақтау саласында орталық ауруханаға 48,9 млн. теңгенің 3 гемодиализ қондырғысы алынып, іске қосылған. 2018 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік келісіміне сай 250 млн. теңгеге компьютерлік томограф сатып алынбақшы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Карл Исабеков: «Маңғыстауға киностудия ашу ниетімен келдім»Есеп беру жиналысында аудан әкімі Бейнеубек Әбілов ауданда ауылшаруашылығын дамыту, мал бағу, қой басын көбейту туралы міндеттер мен мүмкіндіктерді айтып, басқа салалар бойынша атқарылған істерді баяндап, алдағы міндеттерді саралады.
Жиналыста аудандық мәслихат хатшысы Аманқұл Ұлұқбанов баяндамада айтылған ауруханаға қажетті құрылғы компьютерлік тамограф құрылғысының қашан алынатыны туралы, көп жылдардан бері жыр болып келе жатқан политехникалық колледж құрылысы жайлы сұрады. Қоғамдық кеңес мүшесі Асхат Лұқпанов ауылшаруашылығы үшін бөгеттерді қалпына келтіру жайлы айтты. Аудан әкімі бұл мәселелер туралы нақты жауап берді. Қоғамдық кеңес мүшелері ауданда есепті мезім ішінде атқарылған жұмыстарға ризалық пікірлерін білдіріп, аудан әкімінің жұмысына жақсы баға берді.
Айнахан ЕСЕТ