Өткен аптада Ақтау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Оған облыстың барлық ауданынан үкілі үміттерін арқалап келген 659 оқушы қатысты.
Пәндік олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев білім тұңғиығына бойлап, білім нәрін сусындаған өрендерге сәттілік тіледі:
- Бұл жарыс – жас білімпаздардың білімін сынауға, қабілетін, мықтылығын анықтауға мүмкіндік беретін алаң. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев білімді жастарды қолдап, білім биігіне көтерілуіне барлық жағдай жасайды. Себебі, ол жастарға сенеді! Ертең ел тізгінін ұстаушы, жарқын болашаққа қадам басушы жастар екенін біледі. Сіздер облысымыздың, еліміздің мәртебесін халықаралық деңгейде арттыратыңызға кәміл сенеміз. Көкірегі ояу, көзі ашық, ойы жетік, білімі озық жастар болса, біздің келешегіміз кемел! Облыстық пәндік олимпиадада оқушылар үздік нәтижелерге жетеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! - деді ол.
«Білім-инновация» лицейінің оқушысы, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, 6 тілді жетік меңгерген полиглот Эдип Ахвердиеви де қатысушы оқушыларға білім шыңын бағындыру ең үздік жастарға бұйыратынын айтып, жарыста сәттілік тіледі. Жеңіс тұғырынан көрінуге талпынған жастарға қолдау көрсету мақсатында бокстан әлем чемпионы, Лондон, Рио-де-Жанейрода өткен жазғы олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, «Құрмет», «Барыс» орденінің, «Дарын» сыйлығының иегері Әділбек Ниязымбетов те арнайы келіп, балаларға ақ жол тіледі. Қатысушылардың көңілін бір желпіндіру үшін өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Облыстық пәндік олимпиада екі күнге жалғасты. Білім додасына қатысушылардың ішінде жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 341 оқушы, гуманитарлық бағыт бойынша 318 оқушы білімін сынады. Ақылды, тапқыр, дарынды жастардың ой-өрісін, логикасы мен білімін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» лицейі, облыстық «Дарын» мектеп-лицейі сынды өңірдің үздік білім ордаларының жоғары санатты тәжірибелі мұғалімдерінен құралған қазылар алқасы тексеріп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады. Нәтижесінде, 193 оқушы білім биігіне шығып, жеңіс тұғырынан көрінді: 37 оқушы – І орын, 39 оқушы – ІІ орын, 119 оқушы – ІІІ орын иеленді. Білімін дәлелдеген І, ІІ-орын алған оқушылар республикалық кезеңге жолдама алды.
Сондай-ақ «Үздік қала мектебі-2018» аталымында Жаңаөзен қаласының №3 орта мектебі, «Үздік ауыл мектебі» аталымында Ақшұқыр ауылының мектеп-лицейі, «Үздік олимпиадалық команда-2018» аталымында ақтаулық «Білім-инновация» лицейі марапатталды.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45944,45941,45943,45939,45942"]