Жуырда осы мақсатта Маңғыстау станциясындағы №1 орта мектеп оқушылары және оқытушыларымен құзырлы мекеме өкілдері кездесті.
Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінен бас маман Жасұлан Нұрпейсовтың төрағалығымен өткен жиынға Маңғыстау станциясының бас инженері Б. Исатаев, жол шебері Т. Есжанов, әскерилендірілген темір жол күзетінен Ж.Айтжанов, мектеп директоры С. Сәркенова қатысты. Б. Исатаев, Ж. Нұрпейсов, Т.Есжанов, Ж. Айтжанов сөз алып, темір жолдан өтуде сақтауға тиіс талаптарды түсіндірді. Соңғы төрт айда Қазақстан темір жолы бойынша жолға адам және малдың шығуынан туындаған төтенше жағдайларды атап, алдағы уақатта келеңсіздіктерді болдырмау жөнінде әңгімеледі. Олардың айтуынша, Маңғыстау станциясына жолаушылар пойызы келгенде ауыл тұрғындары мен балалардың белгіленбеген жерден өтуі жиі кездесетін көрінеді. Өз өміріне, жол қозғалысына қауіп төндіретін мұндай оқиғалардың заңмен қадағалануын ескерткен мамандар жол төңірегінде балалардың ойнауына, жолға тас немесе бөгде заттарды қоюға болмайтынын шегелей тұрып жеткізді. Сондай-ақ вагондардың, жол бөлшектерінің ұрлануына, темір жол маңына төрт түліктің қараусыз жіберілуіне жол бермеу керектігін айтты. Бейнеролик көрсетті.
Маңғыстау станциясындағы жол қауіпсіздігін сақтау шарасы мұнымен бітпеді. Ертеңіне теміржол мекемелері басшыларының қатысуымен бірлескен рейд жүріп, темір жол вокзалына келіп-кетушілерді, станция маңындағы ауыл халқын, 8-16 жас аралығындағы жасөспірімдерді қамтыды.
- Ай сайын жүргізілетін рейдте тұрғындарға қажетті сақтық шаралары түсіндіріліп, арнайы белгілер мен ескерту жазуларына көңіл бөлу қажеттігі, белгіленген жерден өту керектігі, тәртіпке бағынбайтындардың қандай жазаға тартылатыны айтылады. Іс-шара барысында жол ережесін бұзушылар да кездесіп тұрады. Олар көбінесе жолды қысқартамын деп жол белгілерін көрсе де көрмегендей өтеді. Болмаса станцияда қазақ және орыс тілдерінде "Сақ болыңыз!", "Қызмет жолы", "Өміріңізге қауіпті!", "Темір жолдан белгіленген арнайы өткел жолдан өтіңіз!", "Темір жолмен жүру қауіпті!", "Пойыздан сақтан!", т.б. белгілер мен банерлер орнатылған. Биыл соның біразы жаңартылды. Жол белгілерін елеп-ескере бермейтіндер әсіресе станция іргесіндегі Маңғыстау, Дәулет және Қызылтөбе ауылдарының тұрғындары мен мектеп оқушылары, - дейді Маңғыстау станиясының қозғалыс қауіпсіздігі бойынша бас маманы Асхат Шарапатдинов.
Шахида Жұман