©
Жергілікті полиция қызметкерлері 23:00-ден кейін үлкендерсіз көшеде жүрген жасөспірімдерді (кәмелетке толмағандар) ұстаған. Жыл басынан бері олардың саны – шамамен 3000-нан астам, деп хабарлайды құқық қорғау органдары.
Мұндай тәртіп бұзушылар саны ай сайын 350-380-ге жетеді, әсіресе Ақтау мен Жаңаөзенде тәртіп бұзған жасөспірім көп. 23:00-ден кейін 18-ге толмаған балалардың үлкендерсіз көшеде жүруіне тыйым салынғанына қарамастан, түнгі қалада қыдыратын жастар азаяр емес, дейді құқық қорғаушылар.
- Біз үнемі ата-аналарға балаларды түнде көшеге жібермеңіз деп ескертіп келеміз. Біріншіден, бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып саналса, екіншіден, түнделетіп жүрген балалар қылмыскерлердің құрбанына айналуы мүмкін, - делінеді жергілікті полиция жіберген хабарламады.
Олардың айтуынша, тәртіп бұзған балалар қатарында нашар отбасыдан шыққандар да бар, дегенмен бәрі бірдей бұл санатқа жатпайды.
Жаңа оқу жылында балалар мен студенттердің ата-аналарына құқықтары мен қоса, заң алдындағы міндеттері де қадап айтылды.
- Кәмелетке толмаған балалар түнгі 11-мен таңғы 6 сағат аралығында көңіл көтеру орындарында заңды жауапты тұлғасыз, жалғыз жүретін болса, оларға жауапты адамға 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төленеді. Сондай-ақ, түнгі 10-нан 6 сағат аралығында көңіл көтеру орындарында жүрген кәмелетке толмаған балаларға да осы айыппұл қарастырылады, - дейді жергілікті полиция өкілдері.
Айгүл ДӘДЕН