©
Маңғыстау облысы əкімінің орынбасары Мақсат Сқақов «Caspi Leader Camp» лагерінің ашылу салтанатында латын әрпіне көшу мен хиджаб мәселесіне қатысты пікір білдірді. Қазақстанның жас көшбасшыларының басын қосқан пікірталас алаңында Маңғыстау облысы əкімінің орынбасары Мақсат Сқақов жастардың сұрағына жауап беріп, олармен еркін пікір алмасты.
– Латын әрібіне көшу туралы не ойлайсыз және мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты қандай пікірдесіз? – деп сауал тастады өлке жастарының бірі.
– Латын әрібінен қорқатын ештеңе жоқ. Не үшін көшетіні Парламентте өткен жиналыста айтылды. Сол жерде бір нұсқасы таныстырылды, бірақ ол әлі де талқыланады. Латын әрібіне көшу – басқа ұлттарға қатысты емес, тек қана қазақ тіліне қатысты. Біз Кеңес Одағы орнамай тұрып латын қарпін қолдадындық. Латын қарпіне көшу дегеніміз – әлем классиктерімен, әлемнің дүниетанымымен танысу деген сөз. Сондықтан латын қарпінің тәуелсіз Қазақстанның тарихында алатын орны бөлек, – деді М.Сқақов.
Ал, соңғы кездері халық арасында жиі талқыланып жүрген хиджаб мәселесіне қатысты облыс әкімінің орынбасары Қазақстанда ешкімге құлшылық жасауға тыйым салынбайтынын жеткізді.
– Ешкім намаз оқыма деп жатқан жоқ. Отыз күн оразаны ұстауға тыйым салған жоқ. Қажылыққа баруға бөгет болған жоқ. Пітір садақа, қайыр садақа берме деген жоқ. Бірақ қазақ даласында ақ босағаны аттағанға дейін қыз балалар ақ орамал тақпаған. Ал қазір 1-ші сыныптың оқушысына ақ орамал тартып жатыр. Біздің бір ғана жолымыз бар – Заң, ол бәрімізге ортақ. Егер бәріміз бір нәрсені басшылыққа алмасақ, әрқайсысымыз әр жолмен кетеміз. Бұл – ынтымағымыздың бұзылатының, ауызбіршілігіміздің болмайтынының кепілі. Сондықтан біз бір заңға бағынамыз, бір қағидамен жүреміз, – деді М.Сқақов.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН