Жыл сайын болатын аймақтық жастар форумы биыл өлкеміздің ең беделді оқу орны - Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің бас ғимаратында өтті. 18-35 жас аралығындағы 60-қа жуық белсенді теміржолшының басын қосқан форум екі күнге созылды.
Бірінші күнгі жиынға Құрметті теміржолшы, ардагер Қожахмет Уәзір, Адами ресурс бақылау департаментінің менеджері Айжан Сейтбаева, Маңғыстау магистральды желі бөлімшесінің бас инженері Тимур Разов қатысып, жас буынды рух берер сөздерімен серпілтті. Маңғыстау темір жолын өркендетуде, заманауи технологиялардың тілін тез меңгеруде олардың үлесі өз алдына екенін атап, сенім артты. Астаналық тренинг орталығының мамандары теміржол шаруашылығын ширату бағытында жаңа жобаларды жасау жолдарын үйретіп, білгендерімен бөлісті.Екінші күні тренинг ұйымдастырылды. Жастардың көкейінде жүрген тың, озық ойлар қағазға түсіріліп, жобалар қорғалды.
- Форумның мақсаты өңірдегі ұшқыр ойлы, талантты жастарды табу. Біздің теміржолшылар қатарында ондайлар аз емес. Түрлі бәсекелерден топ жарып, жұмыстағы жетістігімен ерекшеленіп жүргені қаншама?! Бүгін айтылған жаңа идеялар бойынша да олардың біліктілігін білуге болады. Енді бұл жобалар арнайы комиссияда іріктеліп, республикалық форумға жолданады. Өткен жылы ол 12 адам болған еді,- дейді жастар саясаты бойынша аймақтық өкілінің уақытша міндетін атқарушы, Маңғыстау вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Қуатбек Көпбаев.
Шахида ЖҰМАН