Маңғыстау облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 487 арыз келіп түскен. Оның ішінде онлайн түрде қызмет көрсететін дүкендердің үстінен шағым азаймай тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаевқа сілтеме жасап.
Рауан Мұхаевтың сөзінше, негізгі құқықбұзушылық - кәсіпкерлердің тұтынушылардың жазбаша шағымдарына жауап бермеуі болып отыр. Департамент 2022 жылдың 9 айында ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 6 тексеру жүргізген.
«Департамент 487 өтінішті қарады. Оның 128-і қанағаттандырылып, 322-іне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың 9 айында тұтынушыларға 6 248 977 теңгені департамен кері қайтарды. Өтініштерге жүргізілген талдау негізінде тұтынушылардың құқықтарын бұзудың негізгі себептерін анықтадық. Оның негізгі себебі: азаматтардың өз құқықтары мен заңды білмеулері, тараптардың шиеленістерді шешудегі қиындықтары, тұтынушылардың дауларды шешу кезінде әрекет алгоритмін білмеулері Маңғыстау облысы халқының құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында департамент тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетіледі, - деді Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев.
Саланың оң нәтижелі жұмыс істеуіне ықпалдасу мақсатында тұтынушыларға арналған «e-tutynushy.kz» платформасы екі жылдан бері іске қосылған. Платформада QR код арқылы белгілі бір дүкенге шағым түсіруге болады.
«Бүгінгі таңда тұтынушылар құқығын қорғау саласы еліміздегі ең проблемалы бағыттардың бірі. Қазіргі таңда онлайн дүкендер өте көп. Олардың бірі ЖШС ретінде тіркелсе, енді бірі тіркеусіз әлеуметтік желіде сауда жасап жүр. Заңды тұрғыда олардың арнайы сайты болуы қажет. Сондай-ақ, онлайн тапсырысты алған сәтте жеткізушінің көзінше тауарды тексеріп алғаныңыз дұрыс. Өйткені ақшасы төленген тауардың орнына басқа дүниелер келіп, тұтынушылар екі ортада сан соғып қалған жағдайлар да кездеседі,- деді Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы ҚБ төрағасы Никар Рафикова.
Сонымен қатар, сатып алушы мерзімі өткен тауарды, ұнамаған киімді 14 күннің ішінде қайтара алады. Ол үшін берілген түбіртекті жоғалпау керек. Тауар тұтынушыға ұнап тұрып, қандай да бір ақау байқаса тауар бағасын түсіруді талап ете алады.