Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары тоғызқұмалақтан республикалық V желілік спартакиадада бақ сынауда деп хабарлайды mangystaymedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны бойынша NIS арасындағы желілік спартакиадаға Қазақстанның әр өңіріндегі 22 NIS білім ордасынан барлығы 94 бала жарысқа қатысып жатыр. Оның төртеуі Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы.
Ақтаудың намысын Жансая Жәрдем, Нұрхан Утибаев, Назерке Жәрдем және Жанарыс Тлеуқұл қорғайды.
-Тоғызқұмалақ ойынына алғаш анам алып келді. Мен ол кезде 3 жаста болатынмын. Сол кезден бастап анам тоғызқұмалақ тақтасын үйге әкеліп қойған екен. Бала күнімнен қызығып, 4-сыныптан бастап арнайы үйірмелерге қатыса бастадым. Тоғызқұмалақтан желілік спартакиадаға осымен төртінші жыл қатырынан қатысып жатырмын. 2019 жылы дәл осы спартакиада да жеке 1 орын, командамен 2 орынды алған едік. Биылда сол жеңісімізді қайталаймыз деген үміттемін, - дейді тоғызқұмалақтан республикалық жарыстардың жеңімпазы Жансая Жәрдем.
Жансая Жәрдем бұған дейін Тараз қаласында өткен тоғызқұмалақтан XI жазғы Қазақстан оқушылар гимназиадасында 2 орын алса, Маңғыстау облысында өткен С.Тілегеновты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан республикалық жарыста жеңімпаз атанды.
Желілік спартакиада 10 қазанда басталды. Бүгін яғни 12 қазанда «PlayOk» платформасында онлайн түрде өтіп жатыр.
Спартакиаданың басты мақсаты тоғызқұмалақ ұлттық ойынын мектеп оқушылар арасында насихаттау. Бұл ұлттық ойын түрі оқушының логикалық ойлау қабілетін арттыруға, сыни ойлауға көмектеспек.
Айта кетейік, 2020 жылдың соңында тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілді.