ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметі басшысы Саян Ахметжанов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алдымен ол «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшылық құрамымен кездесіп, өндірістік процестермен танысты.
«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты 16 құрылымдық өндірістік басқарма көзделген және онда 9 мыңнан аса адам жұмыс жасайды. Оның төртеуі мұнай газ өндіру басқармасы болса, өзге басқармалар өндіріске қосымша сервистік қызмет көрсетуде. Кездесу барысында Агенттік өкілі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың айналасындағы делдалдар, жасанды монополистер, минералдық-шикізат және қайта өңдеу салаларындағы кәсіпорындардың қызметіндегі қылмыстық схемалар мен тәуекелдерді анықтау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Квазимемлекеттік сектордың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында тиісті бақылаудың және ашықтықтың болмауы себебінен жұмысқа орналасу кезіндегі және сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықты анықтау керек. Біз бұл жұмысты тиісті деңгейде жүргіземіз,» - деді Саян Қылышұлы.
Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы комплаенс қызметі жұмысының тиімділігі мен ішкі талдау жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында комплаенс қызметінің жетекшісі Ақтан Оразовтың комплаенс қызметінің функционалдық міндеттеріне қатысты ұсыныстары назарға алынып, қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес жұмыс жүргізу әдістемесі талқыланды.
Жаңаөзенге сапар кезінде Агенттік өкілі «Қазақ газ өңдеу» зауытына барып, жұмысымен танысты. «Қазақ газ өндеу зауыты» Манғыстау өндіріс-территориялық комплексінде маңызды орын алады. Зауыт республиканың едәуір бөлігін сұйылтылған газбен қамтамасыз етеді.
Саян Қылышұлы іс-сапар барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына олигополия бағыты бойынша енген зауыттың өнірістік процестерімен танысып, оның 90%-ға тозуына байланысты тоқтап қалу қаупі мен себептерін анықтауға және оны жөндеуге бөлінген бюджет қаражатына мониторинг жүргізілетінін атап өтті. Сонымен бірге туындаған әкімшілік кедергілерді шешуде әрдайым Агенттікке сенім білдіруге болатындығын еске салды.
Өз кезегінде, зауыт басшысы Нақберген Төлепов жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы бойынша ақпарат берді. Кездесу барысында зауыт басшылығының ұсыныс пікірлері назарға алынып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда комплаенс қызметінің рөлін күшейту қажет екендігі айтылды.
Сондай-ақ, жұмыс тобы 180 мың халқы бар Мұнайлы ауданындағы 3 қабатты 3 блоктан тұратын150 орындық а аурухана құрылысы сатысымен танысты. Аурухана құрылысына 11,5 млрд. теңге қарастырылған, оның 2 млрд. теңгесін 2022 жылы игеру жоспарлануда. Саян Ахметжанов бұл құрылыс нысанының тәуекелдер картасына кездейсоқ енгізілмегенін, аудан тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапалы және мерзімінде салынуы, оған бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы Агенттік бақылауында болатындығын жеткізді.