Астана қаласындағы Nazarbayev University базасында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен ТМД елдері арасындағы мұғалімдер және білім саласы қызметкерлерінің VII съезін өткізіп жатыр. Аталған шараға маңғыстаулық делегация да қатысуда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Съезд пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру процесінің жаңа болмысы мен трансформациясы тақырыбына арналған. Жиынға білім басқармаларының басшылары мен мамандары, әдіскерлер, жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, мемлекетаралық және үкіметаралық ұйымдардың өкілдері, білім және ғылым саласындағы баспалардың басшылары, саясаткерлер, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысуда.
Атаулы шараға ТМД-дағы 6 елдің Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей өкілдері қатысып, оқытуды дамытудың авторлық тәжірибесімен бөлісуде.
Маңғыстау облысының білім саласының делегациясы да атаулы съездің пленарлық отырысына, әр түрлі бағыттағы 9 секцияның жұмыстарына белсене қатысып жатыр.
- Бұл ТМД аумағында бірыңғай білім беру кеңістігін құруға үлес қосатын керемет сараптамалық алаң болды. Бұл басқосу мұғалімдердің кәсіби дамуының жаңа форматын қалыптастыруға септігін де тигізеді деп ойлаймын, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
4 қазан басталған шара 7 қазан күні аяқталады.