Маңғыстаулықтар бүгін «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйгесінің жеңімпазы «Көкмойнақ» командасын сән-салтанатымен қарсы алды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 1200 шақырым бәйгеде бірінші болып келген шабандоздарға алғыс хат пен жылқының сертификатын табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Еліміздің барлық аймағынан келген 19 команда сынға түскен жарыс жолында Түркістанға дейінгі жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер және ауа райына шыдай алмай командалар жорықтарын тоқтатып жатты, ал «Көкмойнақ» командасы жолдың қиындығына қарамастан өздеріңіздің және мініп келе жатқан Адайдың қолтума жылқыларының мықтылығын көрсеттіңіздер. Бұл жеңістеріңіз - өлкеміз үшін үлкен мақтаныш. Құрметті спортшылар, маңғыстаулықтардың атынан сіздерге алғысымды білдіремін! Жеңісті күндердің куәсі болайық!, - деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада облыс әкімі Адай жылқысы тұқымына ғылыми-зерттеу жүргізу үшін ауылшаруашылығы министрлігімен қажетті жұмыстардың жүріп жатқанын да айтты.
«Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда. Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Маңғыстаулық шабандоздар ұлан ғайыр атырапты айлап, апталап атпен жүріп өткен бабалар жорығын қайта жаңғыртты.
Айта кетейік, облысымызда Ұлттық спорт түрінің 8 түрімен 322 спортшы шұғылданады. Оның ішінде ат спортымен 151 спортшы жаттығады. Ал республикалық және халықаралық жарыстарда 62 шабандоз өңір намысын қорғап жүр.