Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Кеңеске ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, комиссия мүшелері, қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
- Бұл картада процестердің ашықтығына, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешілмейтін өзекті мәселелердің тізбесі айқындалған . Мұның бәрі осы өңірдің тұрғындары алдында тұрған және сыбайлас жемқорлық сипатына ұшыраған негізгі мәселелер, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.
-Сыбайлас жемқорлыққа дейін жеткізбей, кез-келген заңсыз әрекеттердің алдын алу керек. Жемқорлық тәуекелдері байқалған жағдайда дер кезінде тоқтата білу тиіс. Бастысы - бюджет есебінен салынып жатқан объектілер сапалы тұрғызылып, олардың белгіленген мерзімде тапсырылуы, адамдардың ауыз сумен және сапалы жолмен қамтамасыз етілуі маңызды. Қазіргі таңда қоғамның мемлекеттік маңызды шешімдерге араласуы қажетті деңгейде орындалып жатыр. Әрбір мемлекеттік орган халықпен кері байланыс тетіктерін ұдайы жетілдіріп, жұртшылықпен тығыз қарым - қатынас жасауы тиіс, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кеңес соңында облыс басшысы сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.