Жүргізушілер арасында көлік тәртібін қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында Маңғыстау облысында 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Үш күнде 1264 құқық бұзушылық анықталған. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану. Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК 593-бабы бойынша 338 хаттама жасақталды, ҚР ӘҚБтК 591-бабы бойынша 194 құқық бұзушылық анықталды. Осы үш күнде көлік басқару құқығы жоқ бола тұра автокөлік тізгіндеген 35 жүргізуші анықталып, бұрын басқару құқығынан айырылған жүргізушілер де кездесті. Облыс жолдарында тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК 612 - бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілік түрі қолданылған осындай 5 жүргізушіні тоқтатты.
Сонымен қатар, мас күйде көлік жүргізу қылмыс екенін біле тұра, 7 жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарған.
Шара барысында жолды белгісіз жерде кесіп өткен 196 жаяу жүргінші жауапқа тартылды. Үш күн ішінде түрлі құқық бұзушылықтар үшін айыппұл тұрағына 60 автокөлік жабылып, 48 көлік құралының мемлекеттік белгісі тәркіленді.