Әйел 11 шағынаудандағы көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы балкон қоршауынан секірмекші болған. Оқиғаға қатысты түнгі сағат 01:40 шамасында 102 желісіне шақырту түсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шақыртуға патрульдік полиция жасақтары, кезекшіліктегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор және Ақтау қаласы аумағына түнгі кезекшілікке бекітілген Ақтау қаласы ПБ арнайы қабылдау орнының бастығы барды.
1981 жылғы азаматша балкон қоршауына отырып, ешкімнің өзіне жақындамауын талап еткен. Арнайы қабылдау орнының бастығы полиция капитаны Өркен Жүсіпбеков онымен әңгімелесіп, көндіруге тырысты және одан асығыс әрекеттер жасамауды өтінді. Полиция қызметкері әйелді сөзге тартып, көңілін аулап, оған жақындай бастады. Секіруге дайын тұрған әйел қолын жібере бергенде, полиция қызметкері уақыт жоғалтпастан жылдам әрекет етіп, санаулы секунд ішінде оны ұстап алды.
Белгілі болғандай, ол масаң күйде болған. Азаматшаның бұл әрекеті алғаш рет емес, біраз уақыт бұрын да ол өзіне қол жұмсамақ болып, биіктен секірген. Жеке басын анықтау барысында әйелдің наркологиялық есепте болғандығы белгілі болды.
Әйелді өлімнен арашалап, дер кезінде ұстап үлгерген полицейлер азаматшаны жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады.