Ақтауда қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған «Би шандозы Шара» жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Сондай-ақ, мерекелік шарада І-республикалық «Қамажай» хореографтар байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Шара Жиенқұлованың атыраулық шәкірті, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова, Алматы қаласынан мәдениет саласының үздігі Ғайникамал Бисенова, Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім, Қазақстан хореографтар қоғамының төрағасы Еркебұлан Ағымбаев, «Наз» би театрының балетмейстері Хадиша Ағымбаева, Ұлттық хореография академиясының профессоры Айгүл Көлбекова қатысты.
Шарада өңірдің барлық бетке ұстар би ұжымдары биден шашу шашып, кештің сәнін кіргізді. «Достық үйінің» фойе залында өткен мерекелік шарада қала тұрғындары мен қонақтарына Шара Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық көшпелі көрме ұйымдастырылды.
-Шара Жиенқұлова – еліміздің халық әртісі, бишісі. Ол Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және «Ер Тарғын» операларында халық билерін орындаған. Сондай-ақ , «Айжан қыз», «Тәттімбет», «Қырық қыз» сияқты билердің авторы. Шара Жиенқұлова осы билерді ойлап табу үшін қазақтың төл биінің элементтерін іздеп қазақ даласын көп аралаған. Біз онымен мақтанамыз, - деді «Жорға» би ансамблінің жетекшісі Серік Сариев.