Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Елдеш Қосмағанбетов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұрын сақтандыру мәртебесін және МӘМС тізбесінен медициналық көмекті алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы және мәртебесін жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды үзбей төлеуі міндеттелген еді.
- 2022 жылғы шілдеде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына тиісті толықтырулар мен өзгерістер бекітілді. Ол қыркүйек айында күшіне енеді. Енді сақтандыру мәртебесін алу үшін алдын ала 12 айға төлем жасауға мүмкіндік бар. Азаматтар жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС тізбесіндегі медициналық көмекті алады. Еске сала кетейік, 2022 жылы дербес төлеушілер ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ы көлемінде, яғни 3 000 теңге жарна төлейді, - деді Елдеш Қосмағанбетов.
Спикердің айтуынша, 2022 жылы халыққа медициналық көмек көрсетуге бюджеттен 62,4 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде 35,5 млрд теңге тегін медициналық көмекке кепілдік берілген көлемге, сондай-ақ, міндетті әлеуметтік сақтандыруға 26,9 млрд. теңге қарастырылған.
Брифингте Елдеш Қосмағанбетов медициналық ұйымдар мен емделушілер туралы да айтты.
- Ағымдағы жылдың алты айында 29 893 науқас емделді. Бұл былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда мың жарым адамға көп. Сондай-ақ, емдеуге жатқызылғандар саны да, былтырғы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда 1 451 адамға өсті. Жалпы жыл басынан бері, 989,0 млн теңгеге жуық сомаға қызметтер көрсетілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін 1,200 млрд теңге сомасында стационарлық медициналық көмек бойынша қосымша қажеттілік бар, деді Елдеш Қосмағанбетов.
Сонымен қатар, спикер қор пациенттерінің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстың жалғасып жатқанын баяндады. МӘМС жүйесі туралы ақпаратты - 1406 байланыс номері арқылы және «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, telegram-дағы «Saqtandyrybot» боты мен www.fms.kz сайтында білуге болатынын айтты.