Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті «ҚазАзот» АҚ-ға жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын жүргізіп, аммиак мөлшерінің нормасы рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кеткенін анықтады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте экология департаменті басшысының орынбасары Мақсат Айсин мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, қазіргі кезде департамент заң бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берген. Яғни, аммиакты төккізбеу мақсатында шаралар жасалды.
Айта кетейік, әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде ауадағы жағымсыз иістер мен аммиак шығарындысының болғаны туралы шағым тұрғындар тарапынан жиілеп кеткен болатын.
- Басқұдық ауылының тұрғындарының шағымы бойынша ластану көзі анықталды. Ол «ҚазАзот» АҚ тиесілі құбыр екені мәлім болды. Осыған орай жоспардан тыс тексерісті тағайындау үшін департаменттің мамандары аталған құбырдан судың ағындысын және ауа құрамынан шығарындыны табу бағытында күндіз және түнгі мезгілдерде инструменталды өлшемдер жасап, мониторинг жұмыстарын жүргізді, - деді Мақсат Айсин.
Осылайша, Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысы негізінде Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті өндірістік мекеме «КазАзот» АҚ жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын бастаған.
-Тексеру барысында құрамында аммиак бар суды заңсыз ағызу фактісі анықталды. Бұл бұзушылықтар жаңадан салынған «ҚазАзот» АҚ «Залалсыздандыру және булану бөлімі» нысанын пайдалануға берілген кезде орын алып отыр. Осы фактілер бойынша департамент мамандары су сынамаларын алып, атмосфералық ауаны өлшеді. Жүргізілген талдаулардың нәтижелері судың құрамындағы зиянды заттардың және атмосфералық ауадағы аммиак мөлшерінің нормаларының рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кеткенін көрсетті, - деді Мақсат Айсин.
Аталған экологиялық заңнаманы бұзу фактілері бойынша «ҚазАзот» АҚ ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабының 1-бөлігі (қысқартылған тәртіпте 1 225 200 теңге) және 328-бабының 1-бөлігі (4 480 764 теңге) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 5 705 964 (бес миллион жеті жүз бес мың тоғыз жүз алпыс төрт).