Маңғыстау облысында 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 20 015 бала қабылданды. Жалпы өңірдегі барлық мектеп оқушыларының саны былтырмен салыстырғанда 9 мыңға артып, 175 мыңға жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева өңірдегі білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтты.
Жалпы, облыстағы 185 мектепте 175 мыңнан астам оқушы білімін жалғастырады. Барлық мектеп 5 күндікте, ал 1 мектеп 6 күндікте оқиды. Сондай-ақ, өңірдегі 15 мыңнан астам мұғалім үшін сенбі демалыс күнге айналады.
- Барлық мектептерде білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар және «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында сынып сағаттары ұйымдастырылады. Оқу бағдарламасындағы ерекшелікке тоқталатын болсақ, қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен қазақ тілі, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады,-деді Гүлмира Мамаева.
1-сыныптар үшін «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» болып екі жеке пәнге бөлінді. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Оқу мазмұнында негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға беріледі. Ал, 2-4 сыныптарға биылғы оқу жылында «Көркем еңбек» пәнін оқыту жалғасады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 137 мың дана көркем әдебиет сатып алынды. Оқулықтар өңірге жеткізіліп, оқушыларға таратып берілді.