Ақтау қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері әлеуметтік көмектің тағайындалу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жауаптылардың айтуынша, мектеп арқылы атаулы әлеуметтік көмекке берілген өтініштер «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне келіп түседі. Яғни «egov.kz» порталы арқылы ұсынылған өтініштер талапқа сәйкес рәсімделген болса, жұмыспен қамту орталығы қабылдамауы мүмкін емес, ол автоматты түрде келіп түседі. Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген өтініштерді қарау мерзімі 15 жұмыс күні. Осы уақыттың ішінде кез-келген өтініш бойынша тиісті шешім қабылданады: не көмек тағайындалады немесе көмек тағайындаудан бас тартылады.
-Егер өтінішке жүгінген отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен (35 838 теңге) асып кеткен жағдайда, учаскелік комиссия отбасының материалдық жағдайын тексеру үшін бармайды және акт жасалмайды. Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде шешім қабылданады. ЖСН(ИИН) көрсетсеңіз, Сіздің өтінішіңіз бойынша қабылданған шешім туралы толық ақпарат берілетін болады,- дейді Ақтау қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары.