Еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың баспана алуына атсалысып жүрген «Асар жолы» қайырымдылық қоры Ақтау қаласына келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Арнайы керуенді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың атынан оның орынбасары Ұлықбек Серікұлы, өңіріміздің бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, жергілікті қажылар қауымдастығының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы және қала халқы құшақ жая қарсы алды.
Ресми іс-шарадан кейін қонақтар қарт Каспийдің жағасында тігілген киіз үйге кіріп, ақ дастарқаннан дәм татты.
«Асар жолы» қайырымдылық қорының сапары 13 шілде күні елордада басталған. Ақтауға дейін 8 қалаға табан тіреген.
«Жақсылықта 20 000 шақырым» деп ұрандатқан қайырымдылық қорының басты мақсаты - әлеуметтік осал топтардағы 50-ден астам отбасыларды тауып, оларға баспана сыйлау. Осы жанұялардағы балалардың білім алуына және ата-аналарын жұмысқа орналастыруға көмектесу. Өз кәсіптерін ашуға жәрдем ету.
Осы мақсатта 20 тамыз күні Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында қайырымдылық форумы өткізілмек. Форум аясында тұрғын үй алатын отбасылармен қатар, бұрын осы қор арқылы баспаналы болған жанұялар шақырылады. Шара соңында жиналған қаражат есебінен тұрғын үй сатып алуға сертификаттарды табыстау рәсімі өткізлмек. Айта кетейік, бұл форумға кез-келген қала тұрғыны көрермен ретінде қатыса алады.
- Ең басты мақсаттарымыздың бірі - елімізді бірлікте, асарда қосу. Біз қайырымдылықтың жаңа бағытын еліміздің әр түкпірінде тұратын жандарға көрсеткіміз келеді. «Асар жолын» біз осыдан 40 күн бұрын елордамызда бастадық. Ақтау біздің тізіміміздегі тоғызыншы қала. Бұл жолда бізді халық, әр болған қаламыздың әкімшілігі мен кәсіпкерлері, еріктілері қолдауда, - деді «Asarume» қорының мүшесі Серік Қамбаров.