Қазақстанда автожолдарға қатысты мәселелер әлі де болса өзектілігін жоймай келеді. Жыл сайын мемлекет қазынасынан қыруа қаржы бөлініп, жолдар салынып және қайта құрылымдаудан өтіп жатыр. Ал сапасына келсек, расын айту керек көңіл қуантатын көрсеткіш аз. Жуырда Маңғыстау өңіріндегі көлік жолдарының тек 66%-нің жақсы және қанағаттарлық жағдайда екені туралы ресми мәлімет таралғаны мәлім. Осы ретте саналы ғұмырын жол саласына арнаған маңғыстаулық ардагер Сайын Демесінді әңгімеге тартқан едік.
- Сайын Темірханұлы, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жолдарды сынға алып, осы салада қызмет атқарып келе жатқан «ҚазАвтоЖол» мен «Казавтодор» мекемелерін біріктіруді тапсырғаның білесіз. Осы тұрғыдан кәсіби маман ретінде өз пікіріңізді білсек?
- Ия, автожолдарға қатысты мәселе шаш-етектен. Мемлекеттен жылына 700 млрдтай теңге автомобиль жолдарын салуға, қайта қалпына келтіруге бөлінеді. Ал енді осынша қаражатты игеруге келгенде проблемалар туындайды. Соның салдарын қарапайым халық көреді. Атап айтсақ, жол салушы мердігер мекемелердің жауапсыздығы, маман тапшылығы, уәкілетті органдар тарапынан бақылаудың болмауы тағысын тағы. Сондықтан Президент пікірімен толықтай келісемін. Бір қоса кетерім, Қазақстанда жолдарға жауапты Агенттік, тіптен арнайы министрлік құрылуы қажет деп білемін. Себебі, «ҚазАвтоЖол» мекемесі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары Комитетіне қарайды. Дей тұрғанмен, қанша уақыт тек Үкімет басшысына бағынышты болып келді. Ал атқарылған жұмыстардың есебі аталған комитеттен сұралады. Өзіңіз қараңыз, бұл мүлдем ақылға қонымсыз нәрсе.
- Қазіргі уақыт осы мәселе бар ма?
- Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жолдардың салынуын және жөнделуін бақылау күшейтілді. Кейбір трассанфң тез қалпына келтірілуін Президентіміздің өзі бақылауға алғаны қуантады. Сондықтан биыл үлкен өзгерістер боларына сенемін. Жалпы Қазақстанда автомобиль жолдары құрылысына жауапты бір ұлттық оператор құрудың сәті келген сыңайлы. Бұл Агенттік немесе министрлікте жол салатын, жөндейтін әрі құрылыс сапасын бақылайтын мемлекеттік мекемелер топтастырылса, жағдайдың оң өзгеретіні айдан анық. Кәсіби маман тапшылығы, күнделікті қызметте соңғы үлгідегі техникалар мен технологияларды пайдалану, алыс-жақын шет елдердің бізге оңтайлы әдістерін, мол тәжірибесін өндірісте қолдану, тіптен жол құрылысы материалдарының қазір шарықтап кеткен бағасын реттеу секілді көптеген сұрақтар дер уақытында шешілер еді.
- Жол саласында қанша жыл еңбек еттіңіз?
- Негізгі мамандығым: инженер-механик. Маңғыстау облысында жолдардың салынуының басы-қасында жүрдім. Айталық, «Атырау-Бейнеу», «Бейнеу-Шетпе» және «Шетпе-Ақтау» бағытындағы жолдарды қалпына келтіруге атсалыстым. 2006-2007 жылдары «Қазавтодор» мекемесінде бас инженер қызметін атқардым. 2007 жылдан бастан 11 жыл уақыт «Маңғыстаужолзертханасы» кәсіпорнында директор болдым. Қазір бұл мекеме «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Маңғыстау филиалы деп аталады. Осы жерде жүрген қыз-жігіттерді кезінде жұмысқа алып, білгенімді үйреттім. Шүкір, ұжымда жас мамандар көбейгеніне қуанып отырмын. Олардың жауапты қызметіне сәттілік тілеймін.
- Сұхбатыңызға рахмет!