12 тамыз Жастар күніне орай теңіз жағалауында «Жиналайық» кеші өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік кеште қаланың шағармашыл жастары өнер көрсетеді. Жас музыканттар авторлық әнін шырқап, бишілер көпке көңіл-күй сыйлады.
Жалпы «Жиналайық» кеші жаз маусымынан бері қаланың әр нүктесінде өтті. Негізгі мақсат – қала жастарының басын біріктіру, оларға шығармашылық тұрғыдан шабыт сыйлау.
«Осы жаз мезгілі басында «Неге жастарға бір нүктеде жиналып, танысып, бас қосып, өнер және тәжірибемен бөлісетін алаң құрмасқа» деген ой келді. Нәтижесінде «Жиналайық» жобасын жасадық. Бұл шара өңіріміздің шығармашыл жастарына өздерін халық алдында көрсетуге мүмкіндік береді, шабыт пен мақсат береді. Қазір өтіп жатқан шара –алтыншы және алғаш, ауқымды шарамыз. Осы жолды бастағалы, біз өңірімізде талантты және іскер жастардың толы екендігіне көзіміз жетті», - деді «Aktown» жастар шығармашылығы бірлестігінің жетекшісі Нұрсұлтан Мырзабек.
Кеш барысында ұйымдастырушылар көрермендерге позитивті көңіл сыйлау үшін биден сайыс өткізді. Жеңіске жеткендерге арнайы сыйлықтарды табыстап, мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, аталған шара Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының және «Aktown» жастар шығармашылығы бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.