Ақтау гарнизоны материалдық-техникамен қамтамасыз ету базасында әскери бөлімдерінің штаттық өртке қарсы қорғаныс командалары арасында әскери өрт сөндіру-құтқару жарысы өтті. Жарыста «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының кубогы сарапқа салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған іс-шараға Атырау, Ақтөбе, Бейнеу және Ақтау гарнизонның барлық әскери бөлімінен 8 команда, 100-ге жуық әскери қызметші қатысты. Жарыс екі күнге созылды. Қатысушылар үш кезеңнен тұратын өрт сөндіру-құтқару нормативтерін тапсырды.
Алғашқы кезең бөлімшенің жауынгерлік өрістету арқылы пеногенератор оқпанымен көбік аралас су шашу болса, екінші кезеңде бөлімшені толық жауынгерлік өрістету болды, соңғы кезеңінде қатысушылар толық арнайы киіммен 100 метрге жүгіріп, мотопомпаны су тоғына орнату нормативтерін орындады.
– Бүгінгі сайыста әскери қызметшілер өте жоғары деңгейде дайындықтарын көрсетті. Әр команда жеңіске деген ынта-жігерлері, талпыныстары сонымен қатар өз лауазымдарының кәсіби білікті маман екенін дәлелдеді. Келесі сайыс Ақтөбе қаласында өткізіледі, – деді «Батыс» өңірлік әсерлері қолбасшылығының тылдық қамтамасыз ету басқармасының офицері майор Абзал Әбдірайымов.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық сынақта жеңіске жеткен материалдық техникамен қамтамасыз ету базасының командасы, 2-орынды Ақтөбе қаласының 30238 әскери бөлімі алды, әскери теңіз күштерінің құрама командасы 2-орынды қанжығаға байлады.