Қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды қаржыландыру мақсатында 40 грант беріледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі басшысы Наурызбек Мағдатов хабарлады.
Оның мәліметінше, 18-28 жас аралығындағы жастар, бастамашыл топтар, жастар ұйымдары өз жобасын 16 бағыт бойынша ұсына алады.
- Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен «Әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған шағын гранттар» атты әлеуметтік жобаны іске асыруды бастадық. Өңір бойынша әлеуметтік жобаларды акселерациялау бағдарламасы арқылы жастарды азаматтық бастамаларға тартқымыз келеді,-деді Наурызбек Мағдатов.
Жастар театры ашылды
14 – 29 жас аралығындағы жастардың театрда өнер көрсетіп, спектаклде ойнауға мүмкіндігі бар. Жуырда ашылған “Жастар театрының” құрамын жасақтау үшін кастинг жүріп жатыр. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте “JasART” жеке меншік мекемесінің басшысы Әлия Исаева айтып берді.
Оның мәліметінше, кастингтен өткен жастар 5 (бес) спектакльге қатысады.
- Жастар театрында өңіріміздегі Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының кәсіби театр мамандары дәріс береді. Жоба аясында іріктеуден өткен 20 үміткерлердің актерлік шеберлігін дамыту үшін актерлік шеберлігі сабағы және әдемі және нақты сөйлеуге, көпшілік алдында еркін ұстауға, ұялмауға, қорқынышын жеңу үйрететін шешендік өнер шеберлігі яғни сахна тілі сабағы жүргізіледі,-деді Әлия Исаева.
Жұмысшы жастарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады
“Риза-ана” қоғамдық қорының басшысы Бибігүл Рамазанова брифингте сөз алып, жұмысшы жастармен түрлі шаралар өтетінін хабарлады.
- Жобаның мақсаты - кәсіпорындар мен ұйымдарда жас мамандар кеңесін дамыту, жұмысшы жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Жоба аясында қыркүйек айында Шерқала-Айрақты жерінде Тур-слет ұйымдастыру жоспарланып отыр. Өңірдегі 5 аудан, 2 қаладан 7 адамнан тұратын команда жасақталады. Командаға жұмысшы жастар: өнеркәсіп жұмысшылары, мұнай саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкер, білім саласы, жастар саласы, денсаулық сақтау саласы сияқты жасақталады,-Бибігүл Рамазанова.
Бұдан бөлек, желтоқсанда облыстық “Үздік өнеркәсiптiк жас маман - 2023” сайысы өткізіледі. Оған өндіріс орындарынан 30 жас қатыса алады. Жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар бар. Сондай-ақ, жұмысшы жастар арасында рухани кездесулер, пікір-таластар, тимбилдинг, тренинг өткізілмек.
«Жыл студенті-2022» облыстық байқауы ұйымдастырылады
Брифингте «Ақтау» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Гульмира Бурхандинова сөз алып, биыл студенттерге арнап бірнеше шара болатынын хабарлады.
- Биыл да біз студенттерді қуантқымыз келеді. Жоспарымызда студенттік өзін-өзі басқару қауымдастығын ашу, ашық аспан астында «Open air» тимбилдинг, «Көшбасшы имиджі», «Бизнес және мотивация» тақырыбында республика деңгейінде үздік спикерлердің қатысуымен мотивациялық тренингтер өткіземіз. Теңіз жағалауында, жастар орталығында түрлі тақырыпта кештер болады. Сонымен қатар, 10 аталым бойынша «Жыл студенті-2022» облыстық байқауы ұйымдастырылады,-деді Гульмира Бурхандинова.
Белсенді жастар ТМД елдерінде тағылымдамадан өте алады
Биыл жастарға арналған мүмкіндіктің бірі - 18 жастан 28 жасқа дейінгі белсенді жастар ТМД елдерінде тағылымдамадан өте алады. «Бекен» жас көшбасшылар достастығы» қоғамдық қоры басшысы Манарбек Ержанның айтуынша, тағылымдамадан өту үшін байқаудан топ жару керек. Қор қатысушыларды ілеспе құжаттармен, жол жүру, жатын-орнын және тамақтануын толық қамтамасыз етеді.
- Байқау техникалық және конкурстық іріктеуден тұрады. Техникалық іріктеу барысында тағылымдамаға қатысушы үміткерлердің құжаттарын қабылдау www.mangystauzhastary.kz сайты арқылы жүргізіледі. Аталған сайт арқылы байқауға қатысушылар онлайн өтінім жолдап, мотивациялық эссе толтырады. Техникалық іріктеуден өткен үміткерлер конкурстық іріктеуге жолдама алады. Конкурстық іріктеуді қоғам белсенділері, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерінен құрылған конкурстық комиссия жүргізеді, - деді Манарбек Ержан.
Спикердің мәліметінше, екінші кезең- конкурстық комиссиядан өткен 10 үміткер екі топқа бөлініп, ТМД елдеріндегі (екі елдегі) үкіметтік емес ұйымдары мен әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Тағылымдамадан өткендер «Жас көшбасшылар клубы» құрылады.
www.mangystauzhastary.kz сайты ашылды
Маңғыстауда жастарға арналған жаңа сайт жұмысын бастады. Аталған медиа тетікте интерактивті құралдарды (интернет, телевидение және т.б.) пайдалана отырып, жастардың тыныс-тіршілігінен мәліметтер беріліп отырады. Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте бұл туралы «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры Милана Елеусінова хабарлады.
- Сайтта бос жұмыс орындары салынып, жастарға арналған форумдар мен конкурстар, әртүрлі қызықты және пайдалы танымдық материалдар үздіксіз жарияланып отырады. Фото, видео, мақала және өзге де форматтарда ақпараттандырамыз,- деді Милана Елеусінова.