Архитектор әрі дизайнер Эльзат Мұқаш Ақтау жағалауының архитектурасын сынады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ол өзінің инстаграмдағы ресми парақшасында 15 шағын аудандағы амфитеатрға грек-рим стилінде аянышты пародия жасалғанын айтады. Ал жағалаудағы пластик пальмалардың атқаратын ешқандай функциясы жоқ екенін сынап, мұны басқа елге еліктеу деп түсінетінін айтты.
- Жағалауда қыдырып жүріп күнге күйіп кеттік, 7 шақырымға созылатын жағалауда көлеңке жоқ. Сондықтан мен бұл жерге өз жобамды ұсынамын. Екі қабатты, жеңіл, алаңы бар конструкция жасау. Екінші қабаттың едені торлы болғандықтан, қоқыс тазалап әуре болмайды. Тордың астында кір көтеретін мата болады. Ол қосымша көлеңке болады. Матаның ортасына жарық орнатамыз, - дейді дизайнер.
Дизайнер мұндай алаңды әр 100 метр сайын қою керек екенін айтады. Ал алаңның әр 100 метрінде төменге түсетін баспалдақтар болу керек.
- Мен әр 150 м сайын алаңдары бар екі деңгейлі жеңіл конструкцияны ұсынамын. Адамдар жардан суға секіріп, батып өліп жатыр. Менің ұсынысым – терең жерде киіз үй түріндегі кубтар, ашық алаң, үйшіктер орнату. Ал бұл жобаға қаражат жоқ десеңіз, Ақтаудағы «Париж Триумф аркасының» көшірмесінің құны қанша? Бұл маңда серуенге арналған барлық жағдай жасалған. Бірақ арканың орналасқан жері айналмалы жолдың ортасы. Бұл нысанға жету үшін жаяу жүргіншілер жолы жоқ, - дейді Эльзат Мұқаш.
- Біз әкімдікке жобамызды ұсынбадық. Олар да біздің әлеуметтік желідегі парақшамыздан жоба эскизін көріп, бізге хабарласқан жоқ. Негізі Эльзат Мұқаш мұндай жобаларын өзі ұсынбайды. Оның ойынша әкімдіктегілер халықтың пікірімен санасу керек. Егер халыққа жоба ұнаса, онда шенеуніктер мұны жүзеге асыру керек, - деді дизайнердің менеджері.