Ақтауда аналар кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күн тәртібінде төраға мен оның мүшелерін сайлау туралы мәселе көтерілді. Отырыс барысында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жүзеге асырылатын жоспарлар мен ауқымды жұмыстар айтылды. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов қатысушыларға сәттілік тілеп, аналар кеңесін құрудың маңыздылығын атап өтті.
-Кеңес жұмысына білім, мәдениет өкілдері, этномәдени бірлестіктер жанындағы мүшелер қатысады. Президент өз жолдауында елдегі демографиялық жағдайға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, жастарды тәрбиелеуге ерекше назар аударды. Сіздердің арқаларыңызда біздің жастарымыз осы құндылықтарға қосылады деп сенемін, - деді Әбілқайыр Байпақов.
Білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева аналар кеңесінің алдында баяндама жасады. Қаланың бас мұғалімі Білім министрлігінің «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» акциясы іске асатынын айтты.
- ҚР Білім министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Акция 2022 жылдың 31 тамызына дейін, яғни жаңа оқу жылының басталуына дейін жалғасады, - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Ақтау қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы болып Гүлзира Есетова сайланды. Ол қоғамдық қордың басшысы, 30 жылға жуық Шахмардан Есенов атындағы университетте қызмет етеді. Кеңес құрамына Гүлсара Жолдасбаева, Дәметкен Шәкенова, Рысгүл Игілікова, Раиса Маденова, Гүлмира Әбішева, Нұргүл Ағылман, Жібек Ахметова, Гүлжан Байжауынова кірді.