Тайланд елінің Бангок қаласында өткен Азия чемпионатынжа 81 келі салмақта белдесіп, қола жүлдені еншілеген 19 жастағы маңғыстаулық дзюдошы Мейірлан Максим мен бапкері Айбек Имашевты ақтаулықтар әуежайдан шашу шашып күтіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Азия біріншілігінен жүлдемен оралған спортшыны қарсы алуға облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Дүйсенов пен қалалық спорт бөлімінің басшысы Болат Досов, Тұрар Жолдыбаев атындағы дзюдо орталығының ұжымы келді.
- Чемпионат алдында сырқаттанып, жаттығуларға қатыса алмадым. Азия біріншілігінің татамиінде өз ойымдағыдай күресе алмауым - жаттығудың аздығынан деп ойлаймын. Дегенмен, намысты қолдан бермей, бар күшімді салып күрестім, - дейді Мейірлан Максим.
Асылбек Дүйсенов пен Болат Досов өңір қоржынына салынған мерейлі жүлдемен құттықтап, алдағы Әлем чемпионатына сәттілік тіледі.
- Мейірлан ақтық сынға жолдамада корейлік балуанға есе жіберіп, қола үшін белдесті. Тәжік дзюдошысын тізе бүктіріп, ІІІ орынға қол жеткізді. Жарыс алдында Мейірлан ауырып қалған еді. Бапкері ретінде ол да өз деңгейінде күресуге кедергі болды деп ойлаймын. Ары қарай тоқтамаймыз, тамыз айында Эквадорда болатын Әлем біріншілігіне қатысамыз, - деді дзюдодан ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев.