Ақтаулық көпбалалы Ешмұхановтар жанұясы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне қатысады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ұлттық конкурсқа қатысатын Ешмұхановтар отбасында он бала бар. Олардың бесеуі ұл, бесеуі қыз. Олардың ішінде егіздер де бар. Биыл үлкен отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне қатысуға шақырту алған. Алдағы уақытта конкурсқа қатысып, қала намысын қорғамақ. Олардың мұндай шақырту алуы да тегін емес. Өйткені Ешмұхановтар отбасы өңірге үлгі болып жүрген ардақты әулет. Отағасы Сәкен мен жары Гаухар көп жылдан бері қайырымдылықпен айналысады. «Мы люди, мы вместе» қорымен бірге көпбалалы аналар мен науқас балаларға көмектеседі. Отанасы бала тәрбиесімен қатар кәсіпкерлікті қатар алып жүрген іскер әйел. Оның бір дәлелі жақында Алматы қаласынан алып келген «Жыл кәсіпкері-2022» номинациясы. Сонымен қатар, өнерден де шет қалмаған.
Гаухар Ешмұханова осы уақытқа дейін «Сүйкімді жігіт» әніне бейнебаян түсірген. Жақында Ешмұхановтар әулетінде оныншы сәбидің дүние есігін ашуына орай, үлкен мереке болды. Осы тойда шаңырақтың отанасы Гаухар Ешмұханова Жасұлан Жанұзақовтың сөзіне жазылған «Арманым» әнінің тұсауы кесілді. Ол алдағы жылы осы әнге бейнебаян түсіру жоспарда бар екенін айтады.
-Бейнебаян түсіруді жоспарлап жүрмін. Жалпы күндіз балалар мен енеме қарап үйде отырамын. Кешкісін кеңсеме барып әйелдерге психологиялық кеңес беремін. Менің өмірлік ұстанымым «Ешқашан берілме, тек қана алға!». Әйелдерге айтарым, отбасылық өмірде қаншама қиындықтар мен белестер болады. Әйел адам солардың ешқайсына сынбай, әрқашан жақсыға ұмтылу керек, - дейді Гаухар Ешмұханова.