Ақтау қаласында жаңа орнатылған 14 аялдамада қоғамдық әжетхана қарастырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгінде оның алтауы іске қосылған.
Олар 13-шағынаудандағы 1 үй мен 8-шағынаудан “Сәуле” сауда үйі жанында, 8-шағынаудан “Рахат” сауда үйіне қарсы, 31Б шағынаудан Мемлекеттік кірістер департаменті алдында, сонымен қатар, 32А шағынаудандағы 23 үйдің арты мен 27-шағынаудан “Жасыл” базардың алдында орналасқан аялдамаларда бар.
Қалған нысандардың (әжетханалар) тиісті техникалық шарттары жасалуда. Одан бөлек қазір тағы 3 аялдаманың құрылысы жүргізілуде.
Айта кетейік, былтыр аймақты дамыту бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлерге автобус аялдамаларын салу үшін жер учаскелері берілген болатын.
Кәсіпкерлер өз қаражатына заманауи аялдамалар орната отырып, кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Аталған аялдамаларда қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық әжетхана, қыс мезгілінде жабық, жылы және жаз мезгілінде салқындатқышы бар күту орындарының болуы қарастырылған.