Ақтауда «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамынан үй алып, айына 100 мың теңгеден астам қаражат төлейтін азаматтар наразылыққа шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Төлеп отырған ақша үйдің сапасына сай емес, әрі әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты пәтер бағасын 50 пайыз төмендетсін» дейді тұрғындар. Айтуларынша, баспана кейіннен сатып алу құқығымен жалдамалы пәтер ретінде берілген. «Ай сайын тапқанымызды пәтерге төлеп отырғанда үйден айырылып қаламыз ба» деп алаңдайды халық. Сондықтан қазірден баспананы өз атымызға тіркеп берсін деген талап қойып отыр.
Жамбыл Исақов үш жыл бұрын осы баспанаға алғашқы жарна үшін 1 миллион 300 мың теңге төлеп алған. Үш бөлмелі пәтеріне ай сайын 150 мың теңгеден 13 жыл бойы төлейді. Дегенмен, қыруар қаражат төлеп отырған үйлері өз аттарына заңдастырылмаған. Оның сөзінше, 5 бірдей көп қабатты үйдің тұрғындары дәл осындай жағдайда отыр.
Келгеннен қуанып кірдік. Бірақ кейін үйдің кемшіліктері шықты. Сапасы өте нашар. Қолданған құрылыс материалдары өте арзан. Үйдің қабырғасы жарылып жатыр. Оны қайта-қайта сылаймыз, әктейміз, бояймыз. Оны қарап жатқан, келіп жатқан ешкім жоқ, - дейді тұрғын Жамбыл Исақов.
Біз қазір қайда төлеп жатқанымызды білмейміз. Не болып жатыр, кімнің қолына кетіп жатқанымыз белгісіз. Бір күні біреулер келіп, кет дей ме білмейміз ғой. Жылына біз салыққа 30-40 мың теңге төлейміз. Ал оны біз төлемеуіміз керек, өйткені бізде жалдамалы пәтер ғой. Үйдің сапасы өте төмен. Ал ақшаны біздер элиталық үймен бірдей етіп төлеп отырмыз. Мысалы қазір жел болса, үйдің іші алай-дүлей жел болады, - дейді тұрғын Майра Сарғұлқызы.
Үйдің сапасы сын көтермесе де талабы таудай «Самұрық-Қазына» басшыларына халықтың өкпесі көп. Бірнеше рет үндеу жолдаған халық әлеуметтік жағдайды ескеру керек дейді. Карантиннен соң табыс көзінен айырылған азаматтар қазір өлместің күнін кешіп жүргенін айтады. Ал «Самұрық-Қазына» ресми жауабында бұл көп қабатты үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Жалға берілетін тұрғын үй» бағытында салынғанын хабарлады. Ал әлеуметтік осал топқа кіретін отбасылар үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуді қарастырып жатқанын мәлімдеп отыр.
Күрделі жағдайға тап болған және жалдау төлемдері бойынша мерзімін өткізіп алған тұрғындарға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы қолдау көрсетеді. Борышты қайта құрылымдау, сондай-ақ ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу үшін сыйлықақыны төмендету мүмкіндігімен айыппұлдарды есептен шығаруға дайын, - делінген «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның ресми жауабында.
Қазіргі уақытта акционерлік қоғам тұрғын үй нысандарын жеке меншікке беруді жоспарламайтынын да жеткізді. Ал 22 ақпан күні акционерлік қоғам өкілдері тұрғындармен кездесуді жоспарлап отыр екен.
Махаббат Нұржанқызы