Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жанбыршин мен Самат Мұсабаевтың іс-сапары Жаңаөзен қаласында жалғасты. Олар қаладағы жұмыссыз жандармен сөйлесіп, ондағы жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпал ететінін жеткізді.
Мәжіліс депутаттары жұмыссыз тұрғындармен және Жаңаөзен қаласының «БЖЗҚ», Сақтандыру компаниясына зейнетақы салымшыларымен кездесу өткізді.
Жиын барысында қала тұрғыны Н.Ажигалиева сөз алып, депутаттарға сақтандыру компаниясына зейнетақыларын аударған қала тұрғындарының мәселесі қашан шешілетіндігін және келісімшартта көрсетілген ережелермен келіспейтіндігін айтып келісімшарт күшін жоюды сұрады.
Сонымен қатар жұмыссыз жүрген тұрғындарының шағымдарын тыңдады. Тұрғындар қала әкімдігі алдында бірнеше күннен бері жиналып жүрген тұрғындарды жұмыспен қамтуды сұрады. Мән-жайға қаныққан мәжіліс депутаттары Парламенттік деңгейде осы мәселені көтеріп, оң шешімін табуға ықпал ететіндіктерін жеткізді.