Республикалық маңыздағы жолдың кепілдік мерзімі биыл аяқталады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 ақпан күні «Жетібай-Жаңаөзен» бағытындағы жолда бақылау шарасы өтті. Рейдтік бақылау республикалық маңыздағы трассасының 37-73 шақырымында жүргізілді. Нәтижесінде, жолдың кейбір бөлігі отырғаны байқалған. Сондай-ақ бірқатар жер толқынданып кеткен. Бұл, өз кезегінде жол қозғалысына қауіпті.
«Аталған жолды «Дженгиз Иншат» мердігер мекемесі кезінде жөндеп, қолданысқа қосты. Ол компанияға 2019 жылы жүктелген кепілдік мерзімі биыл аяқталады. Осыдан соң бұл трасса «Қазақавтожол» ұлттық компаниясының қарауына өтеді. Заңмен бекітілген ереже бойынша оған дейін анықталған немесе өкілетті мекемелермен көрсетілген барлық ақау толық түзетілуі тиіс. Біз көрсетіп берген кемшіліктерді жоюға мердігер мекеме келісім берді. Қалпына келтіруді аяқтаған соң біздің жылжымалы зертханамызды сол жерге шақыртады. Сонда айтылған сыннан қандай нәтиже шыққанын көретін боламыз. Оған дейін мәселе біздің бақылауымызда», - деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының зертхана меңгерушісі Сәкен Мұхтаров.
2021 жылы мамандар Маңғыстау аумағында 13 нысаннан тұратын республикалық маңыздағы автожолдарға 289 рет бақылау рейдін жүргізді. Жол құрылыс материалдарынан 613 сынама алынды. Соның жүзден астамы техникалық стандарттарға сәйкес келмей шықты.
Бұдан бөлек 42 кемшілік анықталды. Тиісті өкілетті органдар мен мердігер мекемелерге қызметтік хат жолданды.
Айта кетейік, рейдке«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық-мемлекеттік кәсіпорны Маңғыстау филиалының қызметкерлері, «Қазақавтожол» және «Казахавтодор» мекемелері өкілдері мен «SNS 2017» ЖШС-нің инженерлік қызмет мамандары қатысты.