Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелеріне арналған жиын өтті. Кездесуге «Шопан-ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев, «Шопан-ата» қой өсірушілер қауымдастығының облыстық филиалының өкілі Оңайбек Әбділов, Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев, Еділ Жаңбыршин, өңірдің мемлекеттік органдары мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Үш сағатқа созылған басқосуда жем-шөп дайындау, субсидия бөлу, мал жайылымына жер беру және көпжылдық жем-шөп дақылдарын өсіру сынды бірқатар мәселе қаралды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев шаруалардың өзекті мәселелерін шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын айтты.
- Қордаланған барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Келісіп пішкен тон келте болмайды демекші, біз ауызбіршілікпен ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытудың оңтайлы жолдарын таңдауға көмектесетін диалогтың кез келген түріне дайынбыз. Бұл ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі облыстық кеңестің құрылуы болсын немесе еркін форматтағы жиналыс болсын, бәрібір. Ондағы басты мақсат - өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жан-жақты қолдау көрсету, деді Нұрлан Ноғаев.