Алматыдағы бүлікте қаза тапқан 19 жастағы курсант Мейірхан Бітімді бүгін туыстары мен маңғыстаулықтар ақтық сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтауда марқұмның құрметіне қаралы митинг ұйымдастырылып, батыр ұлымен қоштасқан халықтың қарасы көп болды.
«Ел шекарасының әр метрін қорғаймын» деген Мейірхан Бітім туыстарының жүрегінде ұлтжандылығымен мәңгі сақталмақ. Қаралы үйдің шаңырағында қайғыдан қан жұтқан жақындары көп. Аққан жұлдыздай ерлікпен өмірден өткен азаматтың жаназасына жиылған халық та аз емес. Мейірханның қазасы туыстарына ауыр тисе де қасқөйлерге тойтарыс берген ерлігі мен өжеттігін жастарға үлгі қылды.
- Менің баламды халық танысын, білсін деп митинг ұйымдастырғандарыңызға алғыс айтамын. Ер балаға дұрыс тәрбие беру керек. Азамат, намысты, ата-анасын тыңдайтын балалар керек. Жігіттерге қатты тәрбие берсеңіздер міне осындай азаматтар өседі, - деді Мейірхан Бітімнің әкесі Ержан Кезбаев.
Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті академиясының курсанты Мейірхан Бітім небары 19 жаста еді. Алматыда бүлікшілердің қолынан қаза тапқан ол академия ғимаратына шабуыл жасалғанда шаруашылық бөлімді күзетіп тұрған.
- Менің бауырым ерлікпен қаза тапқан болатын. Ер есімі ел есінде демекші, біз оның ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Жаның жәннатта болсын бауырым, - деді мектепте және академияда қатарлас оқыған досы.
Туыстарының сөзінше, Мейірхан жақындарына қолғабыс, ал қарындастары үшін жанын қиюға да дайын болған. Мейірхан Бітім Ақтау қаласындағы 11-мамандандырылған физика-математика лицейін 2 жыл бұрын тәмамдап, арман қуып Алматыға аттанған еді.
- Мейірхан болашақта шекарашылар офицері боламын деп жоспарлап еді. Елдің шекарасын күзетіп, мемлекеттің әр метр жеріне сақшылық етемін деген мақсаты болды. Жерлесіміз Шекара қызметі академиясында әскери қызметін атқара жүріп, Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапты. Шекара қызметінің атынан Мейірхан Бітімнің және басқа да әскери қызметкерлердің туған-туыс, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, - деді Маңғыстау облыстық шекара қызметі департаментінің тәрбие, кадр және идеологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Нұрлан Темірғалиев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мейірхан Ержанұлы әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Махаббат Нұржанқызы