Мемлекеттік сатып алу сайтында Маңғыстау облысының полиция департаменті екі лоттан тұратын жалпы сомасы 555 161 067 теңгеге байқау жариялаған. Департамент бұл қаражатқа жеңіл автокөліктерді бір жылға жалға алмақшы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бірінші лотта жалға алынатын көлікке берілетін сома 325 714 285 теңге деп көрсетілген. Екінші лотта 229 446 782 теңге көлікті жүргізушімен бірге жалға алынатын қызмет құны ретінде көрсетілген.
Жүргізушісіз жалға алынатын көлікке (325 714 285 теңге) қойылған талап мынадай: шығарылған уақыты 2017 жылдан ескі болмауы тиіс; - қозғалтқыш көлемі 1400 куб.см. төмен емес; - жеңіл автокөлік құралы болып есептелетін, сол рөлді, бес орындық; - қазақстандық есепте тұрған; - әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімінде растау құжаттары ретінде келесілер ұсынылуы тиіс: автокөлік құралын тіркеу туралы куәлігі, техникалық тексеру туралы диагностикалық картасы, «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына сәйкес сақтандыру туралы; - автокөлікті, оның орнын, жылдамдығын, жүрген қашықтығын, тұру және тоқтау уақытын жазатын жерсеріктік бақылау жүйесіне қосылған GPS жабдығының болуы тиіс; - өрт сөндіргіш; - бастапқы көмек дәрі қобдишасы. Материалдық ресурстарға ие болуын растайтын құжаттарға түпнұсқалардың келесідей электрондық көшірмелері болып табылады: - автокөлік құралдарын тіркеу туралы куәлік; - техникалық байқаулы растайтын құжат (диагностикалық карта); - автокөлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру полисі; - талаптарға сәйкес GPS жабдықтарының болуын растайтын құжаттар; - өрт сөндіргіштер мен дәрі қобдишаларына меншік иелігін (бар болуын) растайтын құжаттар.
Жүргізушімен бірге жалға алынатын көлікке (229 446 782 теңге) қойылған талап та сондай. Ал жүргізушіден мына нәрселер сұралады: Еңбек ресурстарына ие болуын растайтын құжаттардың түпнұсқасының электрондық көшірмелері: - жеке тұлғаны растайтын құжат; - жүргізуші куәлігі.
Облыстың полиция департаментінің мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу рәсіміне сәйкес, департамент қажеттілігі үшін автокөлікті жалға алуға бөлінген соманы бекітер алдында мамандар талдау жүргізеді.
Есептеулермен жалдамалы автокөлікті пайдалану оны сатып алуға және ұстауға қарағанда әлдеқайда үнемді және тиімдірек екені расталады, өйткені автокөлікті жалға алу құнына көлік құралын сақтандыру, техникалық тексеру, автомобиль дәрі қобдишасының, өрт сөндіргіштің, ЖЖМ болуы, Ағымдағы және күрделі жөндеуге қызмет көрсету, оның ішінде ТҚ-1, ТҚ-2, шиналарды және АКБ (аккумулятор) ауыстыру кіреді, осы шығындардың барлығын мердігер ұйым өз мойнына алады. Мәселен, 30.11.2021 жылы Маңғыстау облысының полиция департаменті № 6493747-2 – Департаменттің қажеттіліктері үшін 2022 жылға жеңіл автомобильдерді жалға беру бойынша хабарландыру берді. Жүргізушімен автокөлік құралының 47 бірлігін жалға алу – 229 млн 446 мың теңге және жүргізушісіз автокөлік құралының 80 бірлігін жалға алу – тиісінше 325 млн 714 мың теңге. Конкурстың жалпы сомасының ұлғаюы мәлімделген жалға берілетін автокөлік құралдары санының ұлғаюымен байланысты. Бұл ретте, автокөлік құралының 1 бірлігі үшін сома ағымдағы, 2021 жылмен салыстырғанда-өзгерген жоқ, - деді ведомоствода.
Яғни жүргізушімен бірге жалға алынатын автокөліктің біреуіне айына 406 мың теңге, ал жүргізушісіз көліктің біреуіне айына 339 мың теңге төленбек.
Махаббат Нұржанқызы