2022 жылы жастарға арналған мемлекеттік әлеуметтік жобаларды орындауға 15 млн теңге бөлінеді. Ал жастар ресурстық орталықтары ұйымдастыратын шараларға 16 млн теңге қарастырылады. Бұл туралы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесте Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сали айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл аталған бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындауға 11 млн 144 мың теңге бөлінген. Жобаларды мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз атанған екі мекеме атқарған.
«Тапсырыс аясында 18 қазанда «Жайдарман» ойынын ұйымдастырды. Оған 4 млн 744 мың теңге қаралды. Сонымен қатар өңір жастарын волонтерлік қызметке тарту және оларды қолдау мақсатында спорттық жарыстар, тимбилдинг, тазалық акцияларын өткізді. Ал екінші жауапты мекеме жастардың шығармашылығын, азаматтық белсенділігін, ерікті корпусын дамыту мақсатында түрлі тақырыппен 20 бейнеролик түсірді. Аталған бейнеролик БАҚ және әлеуметтік желіге жарияланды», - дейді Нұртас Сали.
Оқи отырыңыз: Облыс әкімі Жастар саясатын Ішкі саясат басқармасынан бөлуді тапсырды
Десе де Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Салидың айтуынша, алматылық мекеменің жұмысы көңіл көншітпеген.
«Үш лоттың екеуін алматылық мекеме жеңіп алған. Бірақ аталған қоғамдық қор қазан айына дейін жұмыс істеген жоқ. Көрсетілген жобаларды өткізу мерзімі 20 қарашаға дейін еді. Алайда берілген уақытты тиімді пайдаланбаған. Қазіргі таңда аталған қоғамдық қорды сотқа беру бойынша жұмыстар жүріп жатыр», - деді Нұртас Сали.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Жастарды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Наурызбек Мағдатовтың айтуынша, Алматы қаласында тіркелген аталған қоғамдық қор тек Маңғыстау облысынан ғана емес өзге де аймақтан жобалар алған. Осы ретте ол 23 желтоқсан күні өтетін республикалық кеңесте аталған мәселенің назардан тыс қалмайтынын ескертті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА