Бүгін, 21 желтоқсан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі іскер әйелдер қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Онда аймақты дамыту бағытында мәселелер талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басқосуда өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылында қоғамның түрлі саласында табанды еңбек еткен әйелдерді мерекемен құттықтап, қоғамның дамуына атсалысамын деген іскер әйелдерге қолдау көрсетілетінін айтты.
«Елбасымыздың «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды» деген сөзі бар. Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістігі – бұл ер азаматтармен бірге, өздеріңіз сияқты қыз-келіншектердің еңбекқорлығы мен іскерлігінің жемісі. Сіздер отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, еліміздегі түрлі саланың дамуына атсалысып, жұмыс орындарын құрып, халыққа қызмет етіп келесіздер. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірдегі әйедер қауымы мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алып отыр,- деді Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстауда тіркелген 55 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 26 мыңнан астамы, яғни тең жартысына жуығын әйелдер басқарады. Биылдың өзінде мемлекеттік қолдаған 3300 жобаның 1 500-і, яғни 46% кәсіпкер әйелдерге тиесілі. Олар 45 мыңдай адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – жиһаздар үйінің негізін қалаған Ирина Беляева. Ол бүгінде бірнеше жерден ірі сауда орнын ашып үлгерген.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде облыстағы әйелдер де кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Мемлекетке салық төлеп, отбасының тірегіне айналды. Пандемия кезінде де тәуекелге бел буып, бар ауыртпалықты сынбай көтерді, - дейді кәсіпкер Ирина Беляева.
Сондай-ақ, жиында облыс әкімі Ақтауды көгалдандыру мақсатында арнайы өсімдіктер питомнигін құруға ұсыныс жасап, кәсіпкерлерді осы іске атсалысуға шақырды.
Табиғи су қоры сақталмайтын, құрғақ климатты Маңғыстауда көгалдандыру мәселесі өте өзекті. Дегенмен өсімдіктердің өсуі мен олардың биоэкологиялық ерекшеліктеріне қарай жасыл желектер отырғызу қажет. Ол үшін қала сыртынан өсімдіктер көшетін отырғызатын арнайы питомник жасақтау жоспарлануда. Барлық жауапты тұлғалардың алдына көгалдандыруға қатысты ғылыми тұрғыда зерттеп, бұрынғы тәжірибені ескере отырып, жаңа технологияларды қолдану міндеті қойылды. Қаламызды жасыл желекке айналдыру үшін барлық кәсіпкерді бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, кездесу барысында облыс басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар іскер әйелдерді алғыс хаттармен марапаттады.
Маңғыстауда «Бастау» жобасы арқылы оқыған 1200-ден астам адамның 59% нәзік жандылар. «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша 1900-дей жобаның 700-і, «Карапайым заттар экономикасымен» 25 жобаның 10-ы, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 69 кәсіпкердің 61%, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қолдау алған 62 кәсіпкердің 25-сі әйелдер. Мемлекеттік қолдау шараларының қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жақында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы құрылды. Бұл орталықтың басты мақсаты – кәсіпкер әйелдерге, кәсіпкерлік бастамасы бар қыз-келіншектерге қолдау көрсету және олардың жобаларын сүйемелдеу.